Енді көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері жер салығын төлемейді

9 Ақпан 2021, 09:54
1859
Бөлісу:
Енді көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері жер салығын төлемейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің онлайн отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктіріліп, бірыңғай төлеммен төленетінін айтты.

Қосымша құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл салықтарды төлеуден жалтару тәуекелін азайтады және қолма-қол ақшаға айналдыру мәмілелерін азайтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізіледі, - деді министр.

Оның сөзінше, мониторинг квазимемлекеттік ірі компаниялардан басталады.

Көлденең мониторинг салық төлеушілерге шығындарды қысқартуға және салықтық бақылау шеңберінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін тиімді модель болып табылады. Сондай-ақ, бұл салықтық бақылауға жұмсалатын қаражатты айтарлықтай қысқартуға, өсімпұлдар мен айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Жамаубаев бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент салықтық әкімшілендіруді түбегейлі оңайлату мен жеңілдету бойынша міндеттер қойғанын айтты.

Осы бағытта ең алдымен жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктіріліп, бірыңғай төлеммен төленетін болады. Енді көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері жер салығын төлемейді, - деді Жамаубаев онлайн отырыста.

Министр халыққа арналған салық төлеудің ыңғайлы «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы әзірленетінін жеткізді.

Қосымша онлайн салық төлеуге, артық төлемді болдырмауға және тағы басқа да жеңілдіктерге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq Business» қосымшасы әзірленуде, - деп айтты министр.

Өзгелердің жаңалығы