Енді қоғам белсенділері медициналық-әлеуметтік мекеме басшысы бола алады

11 Тамыз 2021, 12:50
974
Бөлісу:
Енді қоғам белсенділері медициналық-әлеуметтік мекеме басшысы бола алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заңнама базасын жетілдіру шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының «Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту ұйымдарының басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 360 бұйрығына өзгерістер енгізілді, ол көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетесек, медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларына қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау туралы ұсыныс, 2021 жылғы ақпанда адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен, Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында айтылған болатын. Шараға қатысушылар Қазақстанда сауатты, тәжірибелі басшылар бар екенін, алайда біліктілік талаптарына байланысты оларды МӘМ директорлары лауазымына бекітуге мүмкіндік жоқ екенін атап өтті.

Жақын және алыс шетелдердің тәжірибесі медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорлары лауазымына басқа салаларда басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер тағайындалатынын көрсетеді.

№ 360 бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді, МӘМ директоры лауазымына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы үкіметтік емес және мемлекеттік емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде 5 жыл өтілі бар қызметкерлер тағайындалуы мүмкін.    

Бұл түзетулер кейбір өңірлерде байқалатын білікті және мықты басшыларға қатысты кадрлық дағдарысты шешуге мүмкіндік береді. МӘМ-ге адамдармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің мамандарын тарту көрсетілетін қызметтердің сапасына да оң әсерін тигізеді.

Өзін тиімді басқарушы ретінде көрсеткен қоғамдық ұйымдардың көшбасшыларын медициналық-әлеуметтік мекемелерді басқаруға тарту МӘМ қызметіне барынша ашықтықты қамтамасыз етуге және мазмұнды тәсілдерді, технологияларды, инновациялық әдістерді енгізуге көмектеседі, – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
 

Өзгелердің жаңалығы