Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді Францияда заңсыз жүрген қазақстандықтар санкцияға ілінбей, елге қайта алады

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов Қазақстан мен Франция Үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл келісімге Мемлекет басшысының Францияға ресми сапары барысында 2024 жылғы 5 қарашада қол қойылған. Құжат өзге елде болу талаптарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, оның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан азаматтарды өз мемлекетіне қайтару тәртібін айқындайды.

Келісім Қазақстан азаматтарын Франция аумағынан ешқандай санкция қолданбай елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте Францияның уәкілетті органдары азаматтардың отанына оралуы үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдем көрсетеді.

Тараптар үшін жауапты орган ретінде екі елдің ішкі істер министрліктері белгіленген. Келісім халықаралық тәжірибеге сай әзірленген. Қазіргі таңда Қазақстан реадмиссия саласында 20 елмен келісім жасап, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді, - деді Әділов.

Санжар Әділовтің айтуынша, келісімнің күшіне енуі көші-қон процестерін бақылауды күшейтіп, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.

Айта кетейік, заңды талқылап болған соң, депутаттар Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялады.

Өзгелердің жаңалығы