Енді ен салынбаған мал иелері айыппұл төлейді

Ведомство басшысының сөзінше, малына ен тақпағандар енді айыппұл арқалайды. Сонымен қатар құжатсыз мал сатқандар да жазаға тартылады.

 ЖИ арқылы жасалған Кеше 2026, 21:22
Кеше 2026, 21:22
445
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров таяуда малды тіркеу талаптарына қатысты бірқатар өзгерістер болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің баяндамасына сәйкес, мал төлдеген соң бір аптадан асырмай құлағына ен ілу керек. Әйтпесе иесіне 30 мың теңге айыппұл салынады. Тіркеу жеңіл болуы үшін "Төрт түлік" атты қосымша әзірленбек. Ал қағаз-құжатсыз, ветеринариялық анықтамасыз малды сатып алып, базарға апарып сататын делдалдарға "қылмыстық жауапкершілік" қарастырылмақ.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде жыл басында ірі қара мал басы 8,2 млн-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,4%-ға көбейген. Қой мен ешкі саны – 20,6 млн бас, жылқы – 4,6 млн бас, түйе – 294 мың басты құраған. Бірақ жауаптылар шындығында мал саны бұдан да көп болуы мүмкін деп ойлайды. Себебі тіркелмеген төрт түлік көп секілді.

Қазір елімізде малға жалған құжат жасатып, жоқ төлді тіркегені үшін екі заң аясында жауапкершілік қаралады. Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни, "алаяқтық" тармағы, ал жалған құжат жасау бойынша 385-баппен қаралады. Тіпті, қылмысы дәлелденсе, 3-7 жыл бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркілеу көзделіп қойған. Бұл әсіресе ірі шаруаларға қатысты.

2023-2026 жылдар аралығында Қарағанды облысында жалған құжат жасап, жоқ малды тіркеп, 253 млн теңге субсидия алғандар ұсталған. Ал былтыр Солтүстік Қазақстан облысында кооператив басшысы 50 млн теңгеге жалған есеп жасап, малдың санын көбейтіп көрсеткен. Осыған ұқсас жағдай биыл да туындап, құжат жүзінде жоқ малды тіркеп, жалған бухгалтерлік құжатпен 2,5 млрд теңгені қолды еткен ұйымдасқан топ ұсталып, 30 адам жазаға тартылыпты. Демек, сала жемқорлықтан адам емес.

Кей фермерлер малдың санын көбейтіп, төлін уақытында тіркемейді. Малдың бәрін дер кезінде тіркеп, базаға енгізудің артықшылығы бар. Егер мал тіркелсе, сол өңірге, ауданға, ауылға қанша вакцина, қаржылай көмек керек екені анықталады. Мысалы, көктемде мың бас қой тіркелмесе, күзде мың бас екпе жетпей қалады деген сөз. Соның салдарынан олқылық кетіп, ауру-сырқау малдың саны көбейіп, шаруашылық шығынға бата бастайды. Сондықтан әр фермер осыны ескеруі керек, – дейді Абай облысына қарасты "Кәсіподақтар орталығы" төрағасы Қуаныш Сүлейменов.

Наверх