Елімізде әкімдіктерге жаңа құзырет берілмек. Мәжілісте “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді.
Ұсынылып отырған заң жобасы екі бөлікке бөлінеді. Олар: “қоғамдық жұмыстарға тарту” әкімшілік жазаның жаңа түрін регламенттеу және оны орындау механизмін айқындау және әкімшілік-деликтік заңнамасын одан әрі жетілдіру.
Конституцияның 24-бабына сәйкес еріксіз еңбекке қылмыстық немесе əкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінəлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі. Қазіргі уақытта қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдану қылмыстық заңнама шеңберінде болып отыр, - деді министр.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес, қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
Бұл ретте, Қылмыстық-атқару кодексінің 24-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады. Осылайша, қазіргі уақытта пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қылмыстық құқық бұзушылықтар шеңберінде жазаның осы түрін іске асырып келеді. Өз кезегінде, Заң жобасында “қоғамдық жұмыстарға тарту” түріндегі әкімшілік жазаны іске асырудың ұқсас тетігі ұсынылады, алайда оның орындалуын әкімдіктерге бекіту көзделіп отыр, - деп айтты Есқараев Мәжілісте.
Ведомство басшысы атап өткендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер шеңберінде қоғамдық жұмыстарды қолдану, әкімшілік жазаның әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесімен, оның зардаптарымен, кінәлінің жеке ерекшеліктерімен салыстырылуын ескере отырып, бірқатар құрам бойынша мүмкін болады.
Мәселен, Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды 9 бап бойынша, оның ішінде 13-і әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамы бойынша қолдану ұсынылады. Қоғамдық жұмыстардың түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін әкімдіктер айқындайды, - деді Азамат Есқараев.
Сонымен қатар әкімдіктер:
- сот қаулысы келіп түскен сәттен бастап құқық бұзушыны шақырады, оның жеке деректерін толтырады, оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді;
- қоғамдық жұмыстарды орындау үшін адамдарды оларға жіберу туралы ұйымға хабарлама жібереді; қоғамдық жұмыстарды орындау кестесі мен кезеңділігін жасайды;
- құқық бұзушының қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
- адамның қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы Ішкі істер органдарын хабардар етеді.