Еңбекминінің мемлекеттік қызметтері басқа платформаларда қолжетімді болды

7 Қыркүйек 2022, 12:41
1235
Бөлісу:
Еңбекминінің мемлекеттік қызметтері басқа платформаларда қолжетімді болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, осылайша, екінші деңгейлі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) арқылы 4 мемлекеттік қызмет қолжетімді болмақ.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың арқасында смартфондардағы  ЕДБ қосымшалары арқылы бүгінгі таңда қазақстандықтар бала туғанда берілетін және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақыларды, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді ресімдей алады. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы және әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат алуға болады.

Бұл қызметтердің бір бөлігі 2021 жылы іске асырылды, бір бөлігі жақында ғана қол жетімді болды. Биыл ЕДБ мобильдік қосымшалары арқылы қызметтерді 101 мың азамат пайдаланды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және олардың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі, ЕДБ-мен азаматтарға қолжетімді қызметтер тізімін кеңейтудің ықтимал жолдарын жүйелі түрде талқылаймыз, – деп бөлісті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы