Еңбекмині «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі

5 Наурыз 2022, 15:15
1725
Бөлісу:
Еңбекмині «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен бизнестің өкілдерімен бірлесіп «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
 

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында коронавирустық инфекцияның таралуынан туындаған Дүниежүзілік пандемия еңбек нарығының айтарлықтай өзгеруіне әкелгенін атап өтті. Көптеген жаңа кәсіптердің пайда болуы, көптеген процестерді автоматтандыру және цифрландыру аясында жеке бәсекеге қабілеттілік жаңа кәсіптерді бірнеше рет қайта даярлау және дамыту арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.

«Сондықтан «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қажет. Ол біліктілікті тану мәселелерін реттеп, қызметкерлерді құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандыруы тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Еңбекмині «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі, олар Ұлттық біліктілік жүйесінде белгілі бір кәсіп түрін немесе еңбек қызметінің түрін жүзеге асыруға үміткер жеке тұлғаның кәсіптік біліктілігін тану тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Негізгі заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді танудың екі тәсілі көзделген:

  1. Міндетті негізде – ҚР салалық заңнамалық актілерінде белгіленген қолданыстағы тәртіп негізінде жүргізіледі;
  2. Ерікті негізде – өз бетінше және (немесе) жұмыс берушінің жолдамасы бойынша өтініш жасаған, белгілі бір қызмет түрін, еңбек қызметін жүзеге асыруға үміткер кандидатты сертификаттау жолымен жүргізіледі.

Сондай-ақ заң жобасында кандидаттардың кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімінен өту құқықтары, кәсіптік біліктіліктерді ерікті негізде тану шарттары мен тәртібі айқындалады.

Бұдан басқа, кәсіптік біліктіліктерді тану жүйесіне ерікті негізде кіру үшін мынадай ынталандыру шаралары көзделген:

- жұмыс берушілер жіберетін кандидаттарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдіктер мен жеңілдіктер беру;

- жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктіліктерді тануды есепке алу;

- халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген жұмыссыз тұлғаларға бір реттік ваучер беру. Осы ваучердің негізінде жұмыссыз адам республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіптік біліктілігін мойындаудан өтеді;

- мемлекеттік басқарудың жекелеген салаларында (аясында) кәсіптер бойынша кәсіптік біліктіліктерді тану орталықтарын құру кезінде жекелеген шығыстарды субсидиялау.

Заң жобаларын қабылдау қызметкерлерге, жұмыссыздарға және ізденушілерге тез әрі сапалы жұмысқа орналасуға және жоғары табыс табуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы деңгейінің нақты тәуелсіз бағасын ала алады, білікті мамандарды жалдай алады және еңбек өнімділігін арттыра алады.

Өзгелердің жаңалығы