Еңбекмині кәсіби біліктілік туралы заң жобасын дайындайды

11 Қараша 2021, 15:17
1270
Бөлісу:
Еңбекмині кәсіби біліктілік туралы заң жобасын дайындайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен бизнестің өкілдерімен бірлесіп, «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасын дайындайды.

Сондай-ақ министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіби біліктілік мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да әзірленеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дүниежүзілік коронавирус пандемиясы еңбек нарығының айтарлықтай өзгеруіне әкелгенін атап өтті. Мемлекет басшысы көптеген жаңа кәсіптердің пайда болуы, процестердің көпшілігін автоматтандыру мен цифрландыру жағдайында жаңа үрдіс – қызметкерлердің кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіру қажеттігі өсіп келе жатқанын атап өтті. Мұндайда жеке бәсекеге қабілеттілікті ұдайы қайта даярлаудан өту және жаңа кәсіптерді игеру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Ол үшін заңнамалық деңгейде бекітілген мамандарды сертификаттаудың тиімді жүйесін құру қажет.

Негізгі заң жобасы шеңберінде мамандардың біліктілік жүйесінің «толық циклін» қалыптастыру мақсатында мынадай жаңашылдықтар енгізіліп отыр.

Біріншіден, мамандардың біліктілігін бағалаудың екі нысаны анықталады: міндетті түрде (ҚР заңдары деңгейінде белгіленеді және реттеуші мемлекеттік органдар жүзеге асырады) және ерікті негізде.

Екіншіден, жұмыскерлерді біліктіліктерін тану және жұмыс берушілерден өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер арқылы жаңа дағдылар алу бойынша ынталандыру; өз жұмыскерлерін біліктілігін арттыруға жіберетін жұмыс берушілер үшін қызметті декларациялау шаралары және тағы басқа енгізіледі.

Сондай-ақ біліктілікті тану орталықтарының, өз біліктілігін тануға үміткерлердің ерікті негізде жүзеге асырылатын құқықтары мен міндеттерін белгілеу көзделеді. 

Бейресми білім беру нәтижесінде алынған біліктіліктерді тану жөніндегі қағидаттарды енгізу басты мәселе.

Жаһандық және ұлттық сын-қатерлер еңбек ресурстары мен біліктілік жүйесінің құзыретін дамытуға бағытталған жұмыспен қамтудың жаңа саясатын қалыптастыру қажеттілігін айқындайды. Бірақ ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша Қазақстанның ресми және/немесе бейресми білім беруге қатысу деңгейі бар болғаны 17%-ды құрайды. «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы қазақстандық қызметкерлерді олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге ынталандыруға бағытталған, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады, – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Заң жобаларын қабылдау:

- қызметкерлерге біліктілігіне сай тез және сапалы жұмысқа орналасуға;

- жұмыс берушілерге қызметкерлердің кәсіби жарамдылық деңгейін нақты, тәуелсіз бағалауды алуға, білікті мамандарды алуға және еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Құқықтық актілерді әзірлеу бойынша бекітілген тәртіпке сәйкес, Еңбекмині осы заңнамалық актілерге реттеуші саясаттың консультативтік құжаттарын дайындады. Олармен мына жерде танысуға болады.

Өзгелердің жаңалығы