Еңбекмин қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтайтын жоба жасап жатыр

3 Наурыз 2021, 13:42
1953
Бөлісу:
Еңбекмин қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтайтын жоба жасап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты.

Вице-министр 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын, ал мемлекет олардың құнын жеткізушіге өтейтінін еске салды. 

Әлеуметтік қызметтер порталы адами факторды, яғни осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді ынталандырады. Осы цифрлық алаңның арқасында кезектілік процестері айқын болды, ОТҚ жеткізу мерзімдері қысқарды, жеткізушілер өз рейтингтерін арттыру үшін өз қызметтерін барынша сапалы көрсетуге мүдделі. Әрине, ауылдық жерлерде интернетпен толық қамтылмау, тауарлар мен қызметтерді сапасыз жеткізушілер және әлеуетті жеткізушілердің шектеулі саны сияқты тежеуші факторлар да бар, бірақ бұл бағытта біз Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз, – деп түсіндірді вице-министр Оспанов. 

2020 жылы ӘҚП-да жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ-ның 55 түрінің 24-ін сатып алу мүмкіндігі іске асырылды. 28,8 мың оңалтудың техникалық құралы берілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ОТҚ-ның 55 түрі қолжетімді болды. Сондай-ақ портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаторлық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады. 

Сондай-ақ, біз отбасының цифрлық картасын жасау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жоба қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтауға бағытталған. Деректер білім беру, экономикалық жағдайлар, денсаулық, сондай-ақ тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар сияқты түрлі бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың интеграцияланған жүйелері негізінде қалыптастырылатын болады, - деді ол.

Оспанов атап өткендей, бұл азаматтардың инстанцияларға жүгінуін күтпей-ақ, түрлі салалардан белсенді түрде кешенді қолдау шараларын көрсетуге, сондай-ақ қолжетімді индикаторлар арқылы отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауына болжам жасауға мүмкіндік береді.



Өзгелердің жаңалығы