Еңбек қауіпсіздігінің жаңа талаптары 2027 жылға шегерілді: Не өзгерді?

Мұндай шешім жұмыс берушілердің, оқыту ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары негізінде қабылданды.

10 Шілде 2026, 11:03
АВТОР
 gov.kz 10 Шілде 2026, 11:03
10 Шілде 2026, 11:03
105
Фото: gov.kz

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы оқыту және білімді тексерудің жаңа қағидаларын енгізу мерзімі кейінге шегерілді.

Бастапқыда жаңа талаптар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс болатын. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оларды енгізу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Жаңа қағидаларда не өзгереді?

Өзгерістер Еңбек министрінің 2026 жылғы 30 мамырдағы №223 бұйрығында көзделген.

Құжат еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен білімді тексеру тәртібіне жаңа тәсілдер енгізеді. Атап айтқанда, оқу орталықтарына қойылатын талаптар нақтыланып, олардың тізбесін қалыптастыру тәртібі айқындалады. Сондай-ақ мамандардың жекелеген санаттарын даярлаудың арнайы алгоритмі енгізіледі.

Неліктен мерзім кейінге шегерілді?

Еңбек министрлігіне жаңа қағидаларды қолдануға қатысты жұмыс берушілерден, оқыту ұйымдарынан және сарапшылар қауымдастығынан бірқатар ұсыныс пен өтініш түскен.

Осы ұсыныстарды ескере отырып, ведомство барлық мүдделі тараптардың пікірін жан-жақты қарастыру үшін жаңа талаптардың күшіне ену мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Алдағы жоспар қандай?

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін Еңбек министрлігі жаңа қағидаларды әлеуметтік әріптестермен, кәсіподақтармен және бизнес өкілдерімен талқылауды жалғастырады.

Талқылау қорытындысы бойынша теңгерімді шешімдер әзірленіп, қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізіледі.

Осылайша, 2026 жылдың соңына дейін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы оқыту мен білімді тексеруге қатысты қолданыстағы талаптар күшінде қалады, ал жаңа нормалар қосымша пысықтаудан кейін ғана қолданысқа енгізіледі.

Наверх