Еңбек нарығында колледж түлектеріне сұраныс қандай?

17 Маусым 2021, 11:42
3312
Бөлісу:
Еңбек нарығында колледж түлектеріне сұраныс қандай?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Әсет Мұханбетов колледждерге білім грантын тағайындауда еңбек нарығына зерттеу жасалатынын айтады.

Оның айтуынша, Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыс түспес бұрын еңбек нарығындағы сұранысқа талдау жасап, мониторинг жүргізеді. Ол мәлімет Жұмыспен қамту және Әл-ауқат басқармасына, «Атамекен» ҰКП-на жеткізіледі. Соның нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс қарастырылады.

Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектердің жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізіледі. Ол Зейнетақы жинақтау қоры арқылы іске асады. Түлектерге зейнетақы жарнасы аударылып жатса, ол жұмыс істеп жатыр деген сөз. Соңғы мониторинг нәтижесі бойынша түлектердің Алматыда жұмысқа орналасуы 76%-ы құраған. Бұл жерде түлектердің ЖОО-на тапсыруы, декрет демалысына, Қарулы күштер қатарына алынуы сияқты жағдайларды да ескеру керек, - дейді ол.

Сонымен қатар ол биылдан бастап колледждерге қабылдау механизміне бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтты.

Бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша колледжге қабылдау жүргізілетін. Жаңа механизм «студентке ақша» қағидатына негізделген. Яғни мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша колледждерге нақты қабылдауына байланысты орналастырылады. Бұрын түсу емтиханын колледждер өздері өткізсе, енді байқау орташа балл арқылы автоматтандырылған режимде өтеді, - деді Әсет Мұханбетов.
Оның айтуынша, Алматыда техникалық кәсіби білім беретін 83 мекеме бар, оның 22-сі мемлекеттік, 61-і жекеменшік. 47 колледж мемлекеттік тапсырыс бойынша білім береді. Оған қоса, колледж студенттері ай сайын 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Өзгелердің жаңалығы