Еңбек демалысын уақытында бермеген жұмыс берушіге қандай жаза қарастырылған?

Тағы бір маңызды мәселе – қызметкер жұмыстан шыққан кездегі есеп айырысуы.

Бүгiн 2026, 18:02
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 18:02
Бүгiн 2026, 18:02
149
Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын екі жыл қатарынан бермеуге заңмен тыйым салынған. Дегенмен тәжірибеде қызметкердің өзі демалысқа шыққысы келмейтін немесе жұмыс беруші өндірістік қажеттілікке байланысты оны жібере алмайтын жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда жұмыс беруші қандай тәуекелге барады? Бұл туралы бухгалтерлер түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек кодексінің 94-бабының 3-тармағына сәйкес, қызметкерге пайдаланылмаған ақылы жыл сайынғы еңбек демалысын немесе оның бір бөлігін екі жыл қатарынан бермей қалуға болмайды.

Кейде қызметкер демалысты кейінірек алатынын айтып, одан бас тартады. Ал шағын ұжымдарда оның орнын басатын адам табылмайтындықтан, жұмыс беруші де демалысты кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Алайда мұндай шешім заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

Бухгалтерлердің айтуынша, ең алдымен жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 88-бабына сәйкес, қызметкерге екі жыл қатарынан ақылы еңбек демалысын бермеген жұмыс берушіге 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл (86 500 - 432 500 теңгеге аралығы) салынуы мүмкін.

Бұдан бөлек, мұндай шешім жұмыс берушінің шығынын арттыруы ықтимал. Егер осы аралықта қызметкердің жалақысы өссе, демалыс ақысы жаңа жалақы мөлшеріне қарай қайта есептеледі. Соның салдарынан кейін төленетін демалыс ақысы уақытында төленген сомадан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – қызметкер жұмыстан шыққан кездегі есеп айырысу. Заң бойынша еңбек шарты тоқтатылған жағдайда жұмыс беруші пайдаланылмаған еңбек демалысының барлық күні үшін өтемақыны үш жұмыс күні ішінде толық төлеуге міндетті.

Мамандар жұмыс берушілерге де, қызметкерлерге де еңбек демалысын заңда белгіленген мерзімде рәсімдеуге кеңес береді. Бұл артық шығын мен заң алдындағы жауапкершіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Наверх