"Ас – адамның арқауы" дейміз. Күнделікті өмірдегі маңызды істердің бірі – құнарлы әрі пайдалы тамақтану. Ендеше адамға арқау болған асты пісіретін маман жұмысының маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Дәмді тағам – кез келген адамның көңіл күйі мен күш-қуатының сарқылмауына себеп болады. BAQ.KZ тілшісі бір күнін аспаз жұмысының қыр-сырымен танысуға арнады.
Өмірлік ісі ретінде аспаздық кәсіпті меңгерген жандар бойларына үлкен шеберлікті, асты тек ағзаға ғана емес, жан дүниеге жеткізе білу өнерін де меңгереді. Бүгінгі кейіпкеріміз – бойынан аталған өнер табылатын, бармағынан бал тамған аспаз.
Сауия Қойманова 1971 жылы 1 қыркүйекте Ақмола облысы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Сауия Зарапқызы Ақмола облыстық мектеп интернатында білім алады. Содан соң Көкшетау кооперативтік техникумында оқып, «аспаз кондитер» мамандығын меңгереді. Аса ауылына тұрмысқа шығып, осындағы түрлі мекемеде дәмі тіл үйірер тағамдарын дайындайды. «Кнауф гипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде он жылға жуық уақыт аспаз болып еңбек етеді. Аса ауылындағы «Балдырған» бөбекжайына 2013 жылдан бастап бүгінге дейін жемісті жұмысын жалғап келеді.
Аспаз – қоғамдық тамақтану орындарында тамақ дайындайтын адам. Ол бір ғана емес, бүкіл елдің өміріне жауапты болатын жан. Бұл мамандық маңызды, қызықты және болашағы зор. Бірақ бұл сөздер аспаздық кәсіптің теерң қалтарыстары мен ікі әлемін толық сипаттай алмайды. Аспазды бір сөзбен айтқанда нағыз сиқыршылар десек те болады. Олар сан түрлі өнімдерге, ең жақсы тағамдарға арналған мыңдаған тағам түрлерін біледі. Оған қоса өз жанынан шығарып жаңа ас түрін де енгізіге құштар. Аспаз өнімдердің сапасын сыртқы түріне қарай, тағамның дайын болу дәрежесін иісі бойынша анықтайды. Асханада ол көптеген адам үшін өнімдердің бет белгісін есептейді. Аспаз мамандығының өзіндік ерекшелігі бар. Ескі орыс мақалы бұл мамандықтың мәнін аша түседі. Жақ-сы аспаз – дәрігерге лайық. Бұл шынымен де рас. Аспаз адам ағзасына зиянсыз, дәмді тағам дайындауды білуі керек. Мұны істеу үшін ол тамақтануды, тіпті медицинаны түсінуі маңызды. Осының бәрі аспаздың қажетті мамандық қана емес, сонымен қатар өте мәртебелі мамандық екенін дәлелдейді. Мен әлі күнге дейін үздіксіз ізденіс пен оқу үстіндемін, өйткені ре¬цептер күнде өзгереді, – дейді Сауия Қойманова.
Бас аспаздың балдырғандық балаларды дәмді, сапалы әрі пайдалы аспен қуантып келе жатқанына бүгінде 12 жылдың жүзі болыпты. Өз ісіне ұқыпты, тия нақ ты маманның еңбегі де жоғары бағаланады. Балалар дың төрт мезгіл тамағы мен асхана тазалығына жауапты. Бір күнде 250-ге жуық балаға тағам әзірлейтін алтын қолды аспаздың еңбегі зор.
Аспаздың уақыты тығыз, үнемі жоспармен жүреді. Той-томалақ деп, ауырдым деп есепсіз жұмыстан қала алмайды, Себебі бүтін бір ұжымның жұмысы тікелей аспазға байланысты. Бұл аспаз жұмысының бірден-бір қиындығы.
Бала күнінен ас пісіруге әуес Сауия Қойманова аспаздыққа шығармашылық ізденіс керектігін айтады. Аспаз мамандығын таңдауына туған әпкесі Нұржамал Зарапқызы себеп болған екен. Сіңілісінің бойындағы шеберлікті байқаған ол аспаздықты меңгеруге ұсыныс жасап, техникумға алып келген екен. «Ертеден кешке дейін аяғыңнан тік тұрып, ыстық-суыққа төзу үшін ісіңе деген сүйіспеншілік керек. Аспаз – сырт көзге оңай көрінгенімен, жауапты әрі қиындығы мол мамандық. Аспаздың екі қолы оның құрал-жабдығы іспеттес болады. Шынайы сүйіспеншілікпен жасалған ас көптің көңілінен шығады, – дейді кейіпкеріміз. 4-дәрежелі аспаз Сауия Зарапқызы – 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана.
Маған ас дайындап, оны әрлеп, жаңа дәмдерді түрлендіріп тамақ әзірлеген ұнайды. Әсіресе балаларға тағамды сүйіспеншілікпен жасаймын. Олардың тәтті тағам жеп, алғыс айтқаны өзімнің мамандығыма деген сүйіспеншілікті артырады. Жалпы өмір – бұл бақыт атты тағамды дайындайтын кішкене ғана ас үй. Бұл жерде біз тамағымызға не қосатынымызды өзіміз шешеміз және бас аспаз да өзіміз. Ең бастысы, қатып қалған рецепт жоқ, сондықтан да шығармашыл болып, жаңа нәрсені жасаудан қорықпаңыз. Біздің мамандық та дәл сондай. Күнделікті түрлі тағамдарды әртүрлі мәзірмен жасай отырып, өзіміздің біліктілігімізді арттырып, мәртебемізді асқақтатамыз. Мен осы ұранды бізге келген әрбір жас маманға айтудан еш жалыққан емеспін, – дейді еңбек адамы.