Еңбек адамдарының үні: Кәсіподақтар Халық Кеңесіне 25 бастама жолдады

Қазақстан Халық Кеңесі кәсіподақтардың 25 бастамасын алдағы жұмыс аясында қарастырады.

 Халық кеңесінің баспасөз қызметі 19 Қараша 2026, 17:58
19 Қараша 2026, 17:58
134
Фото: Халық кеңесінің баспасөз қызметі

Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен және Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен өңірде Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы өкілдерімен кездесу өтті.

Бір алаңда Халық Кеңесінің мүшелері, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері мен еңбек ұжымдарының мүшелері бас қосып, еліміздің түрлі салалары мен өңірлеріндегі еңбек адамдары үшін маңызды мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында әлеуметтік-еңбек саясатының негізгі бағыттары, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша кәсіподақтар Халық Кеңесіне еңбек адамдарының мүдделерін қорғауға және республикалық деңгейдегі жүйелі шешімдер әзірлеуге бағытталған 25 бастама ұсынды.

Кездесу Халық Кеңесінің өңір тұрғындарымен және кәсіби бірлестіктермен ашық әрі тікелей диалог орнату бағытындағы жұмысының жалғасы болды. Осындай кездесулер еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың өзекті мәселелерін жан-жақты зерделеуге және алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылдау үшін нақты ұсыныстар қалыптастыруға жол ашады.

Бұл диалогтың кең ауқымды болуы, ең алдымен, кәсіподақ қозғалысының қаншалықты кең қамтылуына байланысты. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамында 2 миллионға жуық адамды біріктіретін 24 салалық кәсіподақ пен 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіподақтардың осындай кең әрі тармақталған желісі түрлі сала қызметкерлерінің талап-тілектерін жүйелеуге, оларды еңбек ұжымдары деңгейінде талқылауға және жалпыұлттық маңызы бар мәселелерді бірлескен алаңдарда көтеруге мүмкіндік береді.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының саясатында адал еңбектің қадірін арттыру мен еңбек адамына деген құрметті нығайтуға айрықша мән берілетінін атап өтті. «Жауапты адам – Адал еңбек – Лайықты жетістік» қағидаты мемлекет, бизнес және қоғам қызметінде мызғымас бағдарға айналып, олардың қабылдайтын нақты шешімдері мен жүзеге асыратын іс-әрекеттерінен көрініс табуы тиіс. Бұл ретте жұмыс берушілердің ұстанымымен қатар, еңбек адамдарының өз пікірлері мен ұсыныстарын да ескеру маңызды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – азаматтардың үнін естуге, оларды толғандырған мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беру. Еліміздің тарихында алғаш рет түрлі әлеуметтік топтардың, кәсіби қауымдастықтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері бір конституциялық органға біріктіріліп отыр», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов еңбек ұжымдарын қолдау, жұмысшы мамандықтарын дамыту және кәсіподақтармен ынтымақтастық орнату бағытындағы өңірлік тәжірибемен бөлісті.

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек құқықтарын қорғау, кәсіби біліктілікті арттыру, жастарға кәсіптік бағдар беру және оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ еңбек адамдарының өз мүдделеріне қатысты шешімдерді талқылауға қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері қаралды. Қатысушылар еңбек ұжымдары, кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты әрі ашық кері байланыстың маңыздылығын атап өтті. Мұндай өзара іс-әрекет жекелеген өтініштерді қараумен шектелмей, тараптар арасындағы байланысты жетілдіруге бағытталған жүйелі ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі – мәні жағынан халықтық институттар. Бізді ортақ құндылық – адам, оның мүддесі мен ел болашағы біріктіреді. Халық Кеңесі қоғамның әртүрлі топтарына жалпыұлттық мәселелерді талқылауға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл диалогта күн сайын Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының үні салмақты естілуі маңызды», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Жиында жұмысшы мамандықтарын қолдау және экономиканың жаңа талаптарына сай білікті кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы Қазақстанда 1,1 мыңнан астам кәсіп түрін, оның ішінде 600 жұмысшы мамандығын қамтитын 132 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылды. Бұл өзгерістер еңбек нарығында заманауи біліктіліктерге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты білім беру ұйымдары, кәсіпорындар мен кәсіби бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру маңызды.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – цифрлық платформалар арқылы жүзеге асатын жұмыспен қамту мәселесі болды. Оған көлік тасымалы, жеткізу қызметтері және басқа да онлайн-сервистер арқылы жұмыс істеу түрлері жатады. Қазіргі таңда бұл сала айтарлықтай басымдыққа ие. Атап айтқанда, 35 интернет-платформа арқылы шамамен 1 миллион адам қызмет көрсетеді. Осы бағыттың дамуы цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл жасаудың түсінікті әрі нақты ережелерін қалыптастыруды, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуді және осындай сервистер арқылы табыс табатын азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етеді.

Бұл тақырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған міндеттермен тікелей байланысты. Президент халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру бағытын белгілеп, жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, кездесу барысында цифрлық қызметтердің дамуы еңбек адамдарының құқықтарын қорғаумен және платформалық экономикаға қатысушылар үшін түсінікті әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастырумен қатар жүруі қажеттігі талқыланды.

Күн тәртібіндегі осы мәселелермен қатар, автоматтандыру мен жасанды интеллектінің еңбек үдерістеріне ықпалы да сөз болды. Жаңа технологиялар қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарын өзгертіп, жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктерін ашумен қатар, уақытылы оқыту мен қайта даярлаудың маңызын арттырып отыр. Осы орайда кәсіподақ ұйымдары аталған өзгерістерді талқылауға белсенді қатысып, технологиялық жаңғыру үдерісінің адами капиталды дамыту және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету шараларымен қатар жүруіне ықпал ете алады.

Кездесу барысында «Еңбек дауысы» атты жұмыс тобын құру туралы ұсынысқа да ерекше назар аударылды. Бұл топ кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары көтерген мәселелерді мемлекеттік органдар мен депутаттардың қатысуымен талқылауға, сондай-ақ оларды шешудің нақты жолдарын, соның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстарды әзірлеуге арналған ортақ алаң болмақ. Ерлан Қошанов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, оны кәсіподақ өкілдерімен бірлесе отырып, жан-жақты әрі нақты пысықтау қажеттігін жеткізді.

Қазақстан Халық Кеңесі кәсіподақтармен ынтымақтастықты жекелеген кездесулермен шектемей, тұрақты әрі жүйелі диалог негізінде дамытуды көздейді. Кеңес кәсіподақтар, жұмыс берушілер, сарапшылар мен тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен ортақ ұстанымдарды қалыптастырып, өзара келісілген шешімдер әзірлеуге арналған маңызды алаң болып саналады.

Кәсіподақтар тарапынан ұсынылған 25 бастама мен кездесулер барысында айтылған өзге де ұсыныстар жүйеленіп, Халық Кеңесінің алдағы жұмысы аясында жан-жақты қарастырылатын болады.

Сапар барысында Ерлан Қошанов бастаған Халық Кеңесінің мүшелері, оның ішінде Вера Ким, Әсет Қыдырманов, Төлеген Күнәділов, Лилия Стадникова, Наринэ Микаелян, Тұрсынбек Мақышев, Николай Арсютин, Дмитрий Павленко және Борис Поломарчук азаматтық қоғам өкілдерімен, жастар ұйымдары және этномәдени бірлестіктер мүшелерімен кездесті. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылап, қоғамдық дамудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

 

Наверх