Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Еңбек адамы» идеясын үнемі алға тартып келеді. Президент ел дамуының қозғаушы күші - қарапайым жұмысшылар, өз ісінің шеберлері мен адал еңбегімен нанын тауып жүрген азаматтар екенін жиі айтады. Бүгінгі қоғамда дәл осы еңбек адамдарының мемлекетшілдік ұстанымы мен отаншылдық рухы ерекше бағаланады.
Осы құндылықтардың жарқын көрінісі ретінде, Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындау рәсімі өтті. Патриоттық іс-шараға елорданың тазалығы мен көркіне күн сайын үлес қосып жүрген «Астана Тазалық» қалалық мекемесінің 100-ге жуық қызметкері қатысып, Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады.
Біздің мекемеде 1500-ден астам адам қызмет етеді. Олардың бір бөлігі бүгінгі іс-шараға қатысты. Бұл біз үшін патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ел бірлігін дәріптеуге өз үлесімізді қосу мүмкіндігі, – деп атап өтті «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді.
Іс-шараның мақсаты – патриоттық рухты нығайту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және қоғамда азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
«Таза сана – таза қала» қағидатын басшылыққа алған кәсіпорын қызметкерлері қала тазалығын сақтаумен қатар, елге деген құрмет пен бірлік құндылықтарын насихаттауға да ерекше мән береді.
Біз үшін бүгінгі шараның маңызы зор. Мемлекеттік Гимнді бірге орындау – елімізге, мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтің белгісі. Қызметкерлері күн сайын қаланың тазалығы үшін еңбек етеді. Осындай патриоттық іс-шараларға қатысу – біз үшін үлкен мақтаныш. Барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС қолмен жинау бридагасының шебері, 6 жылдан аса еңбек ететін қызметкер Айгерім Шілімбетова.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-ЖомартТоқаев "Таза Қазақстан" тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет екенін айтты.