Үкімет пен әкімдер үшін «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Президент жаңадан бой көтеріп жатқан Alatau City шаһарын дамыту мәселесіне тоқталып, қаланы көркейту мен абаттандыру жұмыстарына қатысты Үкімет пен әкімдіктерге қатаң талап қойды.
Тұтастай алғанда, қаланы тиімді негізде салып, жан-жақты дамыту керек. Барлық нысандар құрылыс саласындағы озық халықаралық талаптар мен ережелерге толық сай болуға тиіс. Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Alatau City төрт ауданға бөлінеді және ондағы ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік әрі инновациялық орталықтардың деңгейіне сәйкес келуі керек. Жобаның негізгі мақсаты – бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи инфрақұрылым құру.
Сонымен қатар Президент «Таза Қазақстан» бағдарламасының терең идеологиялық мән-мағынасына баса назар аударды.
«Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті, оның тұтас идеологиясына айналуы керек, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.