«Еңбегі жанған арулар». Ақтөбеде ерекше форум өтті

16 Желтоқсан 2022, 17:53
1338
Бөлісу:
«Еңбегі жанған арулар». Ақтөбеде ерекше форум өтті

Ақтөбеде іскер әйелдерге арналған «Еңбегі жанған арулар» атты халықаралық форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, жиын Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, сондай-ақ, облыстық 12 ауданынан келген іскер әйелдердің басын қосты. 

Мұндағы мақсат – Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеру, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін ілгерілету. 

Форум қатысушылары кондитерлік, тігін шеберлігі, мейрамхана, салон бизнесі және басқа да бағыттар бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. 

Алқалы басқосу аясында өз күшімен ісін бастаған ақтөбелік кәсіпкерлердің тауарлары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Өңірімізде мемлекеттік қолдаулардың арқасында бизнесті сәтті жүргізуге барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, қиындықтарға тайсалмау керек. Өңірлер бөлінісінде Ақтөбе облысы қолдауға ие болған кәсіпкерлер саны бойынша 1 орында. Ақтөбелік әйел азаматтары, қыз-келіншектер бизнесте белсенді. Облыста шағын және орта бизнес саласында тіркелгендердің 40,0 мыңы әйел кәсіпкерлер немесе кәсіпкерлердің 45,8% құрайды. Бұл елімізде гендерлік саясаттың шын мәнінде жұмыс істейтіндігінің дәлелі, - деді форум аясында сөз алған Ералы Тоғжанов.

«Еңбегі жанған арулар». Ақтөбеде ерекше форум өтті

 «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың арқасында Ақтөбе облысында кәсіпкер әйелдердің саны едәуір артатынына сенім білдірді.

Бұл жоба — біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы айналысқан шаруаларының жаңартылған нұсқасы деуге болады. Кооперативтер арқылы ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, оларға өнім өндіруге және ақша табуға мүмкіндік беру — тамаша идея. Бұл жерде жеке қосалқы шаруашылықтың артында бір ғана адам емес, тұтас бір отбасы тұрғанын есте ұстаған жөн. Мен біздің әйелдер «Ауыл аманаты» жобасына жұмыла қатысып, берілген мүмкіндіктерді пайдалана алатынына сенемін, - деді Раушан Сәрсембаева.

 Форумға қатысушылар еліміздің экономикалық әлеуетін іске асыруда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың рөлін талқылады, сондай-ақ әйелдер бизнес-жобаларды дамыту, оның ішінде ауылдық жерлерде іске асыру және қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы