Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ең ықпалды адамдар: Саясаттанушылар бірпалаталы парламент депутаттары туралы айтты

Бүгiн, 16:10
213
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті бірқатар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді жариялап, әлеуметтік-экономикалық даму, өңірлік саясат және мемлекеттік басқарудың өзге де маңызды бағыттары бойынша тапсырмалар мен бастамаларды айтты. BAQ.KZ тілшісі құрылтайдың негізгі қорытындылары және жарияланған шешімдердің қайсысы алдағы кезеңде шешуші мәнге ие болуы мүмкін екені жөнінде сарапшылармен тілдесті.

Өкілеттіктерді қайта бөлу және парламенттің күшеюі

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына енген саясаттанушы Ғазиз Әбішев ұсынылып отырған өзгерістердің басты мәні өкілеттіктерді қайта бөлу екенін атап өтті. Оның айтуынша, парламентке дербестік беріліп, маңызды мемлекеттік тағайындауларға ықпалы күшейтілмек.

Сарапшы президенттік квоталардың рөлін азайтып, негізгі шешімдерді парламенттің мақұлдауы арқылы қабылдайтын модельге көшу көзделіп отырғанын айтады.

Ең бастысы – парламенттің автономиясы артады: парламентте сыртқы квота, яғни тікелей президенттік квота болмайды. Сонымен бірге парламент республикалық деңгейдегі дерлік барлық лауазым мен басшыларды тағайындауға қатысады. Үкіметтен бөлек, бұл ҰҚК төрағасына, Ұлттық банкке, Бас прокуратураға, Конституциялық сот мүшелеріне, Орталық сайлау комиссиясына, Жоғары аудиторлық палатаға, Жоғарғы сотқа да қатысты болмақ. Яғни осының бәрі парламенттің мақұлдауын талап етеді, – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар Ғазиз Әбішевтің айтуынша, парламенттің саны ұлғайып, ол тек партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Бұл, оның пікірінше, саяси партиялардың рөлін күшейтеді.

Менің ойымша, басты қорытынды – бұл реформалардың саяси мазмұны бар және ең алдымен соған назар аудару керек, – деп түйіндеді ол.

Халық кеңесі – саяси реформаның бір бөлігі

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев саяси өзгерістерге тоқтала отырып, Президенттің негізгі ұсыныстарының бірі парламент құрылымын өзгертуге қатысты екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бастамалардың іс жүзінде қалай жүзеге асатыны жөнінде қоғамда сұрақ көп.

Депутат бұл өзгерістер заң шығару үдерісін жеделдетуге, заңдардың ел өміріндегі өзгерістерді тез әрі дәл көрсетуіне бағытталғанын түсіндірді.

Ол саяси реформаның маңызды элементі ретінде Халық кеңесін құруға ерекше тоқталды. Ұсынысқа сәйкес, оның құрамына 126 адам енеді:

  • 42 – этномәдени бірлестіктерден,
  • 42 – ірі қоғамдық ұйымдардан,
  • 42 – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.

Халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төраға кеңес мүшелерінің өздері тарапынан сайланады. Халық кеңесі төрағасының қоғамдық негізде, ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.

Осылайша, бастамаларды жинақтап, талқылайтын бірпалаталы парламент – Халық кеңесі құрылады. Қандай да бір мәселе туындаған сайын, міндеттер жедел шешіліп отырады. Президент айтқан ұсыныстардың жалпы мәні осы, – деді Павел Казанцев.

Экономикалық күн тәртібіне тоқталған депутат құрылтайда Президент ең алдымен электр энергетикасын дамыту мәселесін көтергенін атап өтті.

Экономика өсуі, жаңа өндірістер мен деректерді өңдеу орталықтары пайда болуы үшін қосымша қуаттарды іске қосуға үлгермей жатырмыз. Ал онсыз цифрландыру мен жасанды интеллект жұмыс істемейді, – деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы салалық ведомстволарға бұрынғы тәсілмен жұмыс істеу мүмкін емес екенін нақты жеткізген.

Депутат сондай-ақ көмір генерациясын дамыту бойынша нақты мерзім белгіленгенін айтты: 20 наурызға дейін тиісті бағдарлама дайын болуы тиіс.

Уақыт жоқ, енді тез арада іске көшу керек, – деді ол.

Сонымен бірге қазіргі көмірді тазалау және жағу технологиялары экологиялық тұрғыдан қолайлы көрсеткіштерге қол жеткізуге және экономиканың өсіп келе жатқан энергияға деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осыған ұқсас тәсіл гидроэнергетика саласында да қолданылуы тиіс екенін айтты.

Уақыт жоқ, жылдар бойы созуға болмайды. Қандай жобаларды тез іске қосуға болатынын қарап, шағын гидроэнергетиканы дамыту керек. Ол экономика мен әлеуметтік саланы заманауи әрі қолжетімді энергиямен қамтамасыз етуге қатысуға тиіс, – деп түйіндеді Павел Казанцев.

Қорытынды құрылтай және саяси реформалардың аяқталуы

Саясаттанушы Талғат Қалиев Қызылордада өткен құрылтай жүргізіліп жатқан саяси реформалардың соңғы кезеңі болғанын атап өтті.

Бұл құрылтайдың басты қорытындысы – Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси реформаларды түбегейлі аяқтап, Қазақстандағы билік жүйесін толық қайта институционалдық құрылымнан өтеді. Яғни персоналистік модельден институционалдық модельге көшу жүзеге асты, – деді ол.

Оның айтуынша, бұрын мемлекеттік жүйе көбіне бір адамның еркіне тәуелді болса, енді тежемелер мен тепе-теңдіктері бар көпқырлы жүйе қалыптасып келеді.

Бұл адам факторына тәуелділікті азайтып, тек институттар мен заңдарға сүйенуге мүмкіндік береді, – деді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол бірпалаталы парламент енгізу саяси жүйені жеңілдететінін айтты. Бұл жерде депутаттар санын қысқарту емес, өкілеттіктерді қайта бөлу мен рәсімдерді оңайлату басты мақсат болып отыр.

Талғат Қалиевтің пікірінше, бірпалаталы модельде әр депутаттың жеке жауапкершілігі артып, парламенттің негізгі билік институты ретіндегі рөлі күшейеді.

Біріншіден, бірпалаталы парламенттің әр депутаты Мәжіліс немесе Сенаттағы жеке депутатқа қарағанда әлдеқайда ықпалды болады, өйткені олар екі палатаның да функциясын қатар атқарады. Екіншіден, Конституциялық сотты толық қалыптастыру құзыреті парламентке өтеді. Сондай-ақ ОСК құрамын, Бас прокурорды, Ұлттық банк пен ҰҚК өкілдерін бекіту де парламенттің қолына көшеді. Бұл парламенттің рөлі мен ықпалын едәуір арттырады, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, болашақ бірпалаталы парламенттің құрамы қандай болатынын әзірге болжау қиын. Дегенмен онда қазіргі саяси партиялар өкілдік етуі мүмкін. Партиялар өз позициясын күшейту және танымалдылығын арттыру үшін қазіргі депутаттарды қалдыруы немесе ең тиімді, бәсекеге қабілетті жаңа кандидаттарды ұсынуы ықтимал.

Өзгелердің жаңалығы