Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрар Омаров талай игі істің атқарылуына ұйытқы болып жүрген жас ұстаз, әрі өте белсенді ерікті. Оның есімі көпшілікке ең ұзын конституция кітабын жасаған сәтте кеңінен танымал болды. Кейіннен ЕАЭО мүшелігіне енген елдердің астанасына барып келді. Ешқандай демеуші іздемей-ақ, жылына бір рет алатын еңбек демалысының ақшасын ел көруге арнады. Бүгінде ол Түркістан облысы Кентау қаласындағы №10 мектепте қызмет етеді. "Еріктілер жылына" орай үнемі игі бастамалардың басы-қасынан табылатын ерікті ұстазбен сұхбаттастық.
- Тұрар Мәдениетұлы, ең ұзын конституция кітабын қалай жасадыңыз?
- Кентау шалғайдағы шағын қала. Сондықтан көп адамның назарына да іліге бермейтін. Ал, мен қаланы жақсы жағынан көпке танытқым келді. Содан қоғамды елең еткізер жаңалық жасауды ойладым. 2014 жылы ҚР Конституциясы күніне орай ең ұзын Конституция кітабын жасап шықтым. Ұзындығы екі жүз метр, ені 80 сантиметр болатын кітапты Шымкенттегі типографияға арнайы бастыртым. Тек баспадан басып шығарудың өзіне 12 сағат уақыт кетті. Оның айналасын жабыстырып шығуға 10 күндей уақыт жұмсадым. Қазақ және орыс тілдерінде жасалған кітап 200 парақ болды. Бірде-бір қатесі жоқ кітапты Кентаудағы Тәуелсіздік аллеясында арнайы жайып, тұрғындардың назарына ұсындым.
БАҚ арқылы жан жақты қолдау көрсетілді. Сол кезде облыстық, республикалық, тіпті шетелдік сайттар мен газеттерде мен жайында, Кентау қаласы туралы жақсы ақпараттар шығып жатты.
- ЕАЭО мүше елдердің астаналарына барып келгеніңіз жайында айтып берсеңіз.
- Мұнда да ешқандай демеуші іздегенім жоқ. 2015 жылы Қазақстан ЕАЭО мүшелігіне енген жылы жазғы еңбек демалысымды алдым да, бірден Астанаға жол тарттым. Кейін Мәскеу мен Минскіге барып келдім. Қала орталықтарында жүріп еліміз жайында ақпараттар жазылған кітапшаларды, газеттерді және жалаушамызды тараттым. Қариялармен әңгімелесіп, Қазақстан туралы айтып бердім. Сапардан алған әсерім көп. Ел көрдім, жер көрдім. Көптеген мәселені көңілге түйдім. Көрікті жерлерді фотоға түсіріп, Кентауға келген соң, арнайы фотокөрме өткіздім. Рухани ләззатқа ие болдым.
- Қазір мектепте мұғалім екенсіз. Жаңа жылдың басты жаңалығы - педагог мәртебесін көтеруге бағытталған заңның қабылдануы болды. Оқып шықтыңыз ба?
- Ия, оқып шықтым. Бұл ұстаздар қауымының көптен күткен заңы болатын.
Заңдағы ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалды емес стимул тетіктері, материалдық ыңталандыру барлығы да мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған.
Сондай-ақ, заңда ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Жалақыны өсіру, педагогті өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғау баса айтылған. Оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендеуі, балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын берілуі - бұл ұстаздарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білемін.
Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек. Заңда педагогтардың еңбек демалыс кезеңін 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген.
Бұдан басқа, ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған.
Міне, осының барлығы ұстаздар қауымын үлкен қуанышқа кенелтіп отыр. Осы заңнан соң, өзімде магистураға түсуді ойластырып жүрмін.
- Бүгінгі таңда ұстаздарды қандай мәселе толғандырады?
- Ұстаздарға мемлекетімізде үлкен қолдау көрсетуде. Қазір жағдай жақсы. Жалақылары да жоғарылап келеді. Тесттен өтіп, деңгейін көтерген, біліктілігін жоғарылатып, жақсы жұмыс істеген ұстаздар жоғары жалақы алуда. Сондықтан, тек жақсы жұмыс жасау керек.
- Жасырын болмаса, қазіргі жалақыңыз қанша?
- Енді бұл жағы құпия болсын...
- Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы аясында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
- Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру мақаласы аясында мектебімізде көптеген іс шара өтуде. Қаламыздың құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар атында арнайы сынып бөлмелерін аштық. Бұл игі іске мектеп директоры Гүлжан Қадырова көп еңбек етті. Қазір Рысты Атабекқызы, Исахан Жұмабаев, Өмірбек Жүсіпов атындағы сынып бөлмелерінде еңбек адамдарымен, әншілермен, спорт саңлақтарымен және өзге де әрбір саланың майталман мамандарымен кездесулер өткізудеміз.
Түрлі тақырыптар аясында кең көлемді әңгімелер айтылып, сұхбаттар жасалады. Бұл оқушыларға да қатты ұнайды. Одан бөлек, Рухани жаңғыру аясында бекітілген арнайы жоспарға сәйкес іс-шаралар мерзімінде өтіп отырады.
- Ал, Елбасымыздың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы бойынша қандай жұмыстарды қолға алып отырсыздар?
- Елбасымыздың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын оқушылармен кең көлемде талқыладық. Әлі де сабақ барысында көптеп қолданамыз.
Мақала қазақ халқының өзге халықтардан ерекшелігі мен артықшылықтарын айтарлықтай көрсеткен. Санаға үлкен серпіліс берер мағынаға толы.
"Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемнің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны" атты әрбір тарауды талдап, талқылап отырамыз. Киелі жерлерге оқушылармен бірге саяхат жасап тұрамыз.
- Қоғамның күн тәртібінде тұрған мәселе - бала тәрбиесі. Қазір мектепте тәрбие саласы бойынша директордың орынбасары екенсіз. Жалпы бала тәрбиесіне не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
- Жалпы жастар тәрбиесі елімізде жолға қойылған. Тәрбиелі, білімді жастар өсіп келеді. Дегенмен, "бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді" демекші, арасындағы кейбір бұзықтың бір ісі бүкіл жұмысты жоққа шығарып жататыны бар. Олардың да тәрбиесін түзеу мақсатында көптеген жұмыс жүзеге асып жатыр.
Қазір, бала тәрбиесімен әкелер кеңесі, аналар кеңесі, мектеп, ата-ана жұмыс жасауда. Бұл тұрғыда қоғамда игі бастамалар қолға алынуда. Дегенмен, мектепте ер мұғалімдердің аздығы да бала тәрбиесіне көп әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан, білім ордаларында ер мұғалімдерді көбейту қажет.
- Жаңа заманның ұстазы қандай болу керек?
- Бүгінгі ұстаз жаңашылдыққа бейім болуы керек. Ақпараттың сәт сайын өзгеріп жатқан тұсында қоғаммен байланысты үзуге болмайды. Сондықтан әрбір жаңалықтан хабардар болып, қоғамдық істерге араласып отырғаны дұрыс.
- Биыл "Еріктілер жылына" орай жүзеге асырсам деген жоспарларыңыз бар ма?
- Қазір мектепте еріктілер тобын құрдық. Олар ардагер ұстаздарға көмектеседі. Үйлеріне барып, қариялардың үйішілік шаруаларын атқаруына қолғабыс етеді. Жұмыс жоспарын да дайындап қойдық. Жақын арада іске кіріседі.
- Шығармашылық жолыңызда қандай істерді қолға алып отырсыз?
- Әрине. Бұл бағытта біраз жоспарларым бар. Ғылыми жұмыс жазуды қолға алудамын. Тарих пәніне арналған тест кітапшасын шығармақпын. Қазір материалдарын жинақтап қойдым. Енді қаржысын жинасам, баспаханадан кітап етіп бастырып, оқушыларға тегін таратпақпын. Жастардың білімді болып, жоғары оқу орнына түсуіне сол кітапша себепкер болып жатса, менің арманымның орындалғаны деп білемін.