Наурыз мейрамына орай Шымкент қаласында өткен «GREAT QAZAQ GAMES» республикалық этнофестивалінда Абай облысы «Ең үздік киіз үй» номинациясын жеңіп алып, Гран-при иегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Абай облысындағы тілшісі.
Еліміздің барлық өңірімен қатар Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілдері қатысқан мәдени шарада Абай облысының киіз үйі 170 киіз үйдің ішінен үздік шыққан.
Біздің облыс тіккен киіз үйде Ұлыстың ұлы күні Наурыз нақыштарынан бөлек Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтың өмір жолы мен шығармашылығы насихатталып, тұлғаларға қатысты құнды заттар көпшілік назарына ұсынылды. Республикалық «Абай оқуларына» қатысып, жеңімпаз болған Қарауыл ауылының оқушылары келген қонақтарға Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларын жатқан айтып, кішігірім сахналық көрініс қойды. Ұлы Абайдың рөлін сомдаған Абай ауданының әртісі Төлеухан Космонавт келген қонақтардың ризашылығына ие болып, өнері жоғары бағаланды, - дейді Абай облыстық коммуникациялар қызметінің жетекшісі Роллан Кемербаев.
Этнофестивалға Абай облысы атынан барған делегация өкілдері шараның жоғары деңгейде өткенін жеткізді.
Мейрамды қызықтауға келген ел алдымен Абай облысының киіз үйімен танысып, ұлылар рухына тағзым жасады. Жиырма бес жылдан кейін облыс мәртебесін алған абайлықтарға оңтүстіктегі ағайындарымыздың құрметі айырықша екенін көріп, риза болдық. Этнофестивальдың талабы бойынша шараға қатысушы өзге облыстардан Абай облысының ерекшелігін даралап-даралап, мақтанышпен баян еттік. Оңтүстіктегі ағайындарымызды Абай ауданындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп оқушыларының Абайдың кез-келген шығармасын тоқтаусыз һәм үш тілде еркін жатқа оқуы таңдандырды. Абайдың әндері әуелеп, күйлері шалқыды. Наурыз мейрамын қызықтап келген оңтүстіктегі ағайындарымызға Абай елінің дастарханынан дәм ұсынылып, арнайы кәде-сый үлестірілді,- дейді осы шараға арнайы қатысып қайтқан Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева.
Киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуына, ондағы ұлттық тағамдарға, сахналық қойылымдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия баға беріпті. «Әр өңір комисссия мүшелеріне өз аймағының ерекшелігін, тарихын, туристік әлеуетін, экономикалық дамуын, салт-дәстүрін бірі ән арқылы, бірі қара сөзбен таныстырды. Таңдау өте қиын болды. Барлығы бірінен бірі өтеді.
Олардың Шымкентке деген ыстық ықыласын жайған дастарханы мен дайындығынан білуге болады. Қатысушылар киіз үйдің жабдықталуын, ыдыс-аяқ, кебеже мен сандықты орналастыру тәртібін, аңшылық құстың орнын бәрін-бәрін көрсеткен. Ұмыт болған әдет-ғұрыпты жаңғыртқандар да аз емес»,- дейді мәдениет қайраткері, композитор Құралай Сәтмұқанбетова.