Ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақының көлемі қайта қаралады

26 Мамыр 2022, 12:53
2294
Бөлісу:
Ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақының көлемі қайта қаралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Рысқали Әбдікеров Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновадан зейнетақы мәселесіне қатысты сұрады.

Ол «Жаңа Қазақстанның негізгі мақсаттарының бірі – халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту екеніне тоқталды.

Депутат өткен жолы қойған сұрағына толық жауап ала алмаған соң бүгін сол сұрақты қайталап отырғанын жеткізді.

Биыл сәуірде әлеуметтік сала шығындары қосымша 4%-ға өсті. Сонда 40-50 мың теңге көлеміндегі зейнетақы 2 мың теңгеге ғана өссе, 300-400 мың теңгедегі зейнетақы 16 мыңға дейін өскен. Бұл өз кезегінде теңсіздікті қалай азайтпақ? Бұл қаражат ең төмен зейнетақы мен  миллионға жуық адамның табысының ең төменгі күнгөріс деңгейін көтеруге қаншалықты мүмкіндік береді? Жалпы индекстеуден кейін азаматтар төлемдердің өсуін барынша сезіну үшін ең төменгі әлеуметтік стандарттар әдіснамасын қайта қарау министрліктің жоспарында бар ма?», - деп сұрады Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Еңбекмині басшысынан.

Ал Тамара Дүйсенова алдыңғы кездесуде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді индексациялау жөнінде айтқанын еске салды. 

Ең төменгі зейнетақы, еңбекақы және жәрдемақыға қатысты айтқан пікіріңізбен толық келісімен. Үкіметтің қазіргі жоспарының ішінде біздің де он шақты жоспарымыз тұр. Ең төменгі зейнетақыдан ең төменгі жәрдемақыға дейінгі стандарттарды қайта қараймыз. Қазір біз ұлттық және халықаралық сарапшыларды шақырып, жұмысты бастадық. Біраз ұсыныстарымызды даярлап жатырмыз. Соның нәтижесінде жұмыс тобы құрылады деп отырмыз. Сол жұмыс тобына өздеріңізді де шақырамыз. Ол жерде осы мәселеге қатысты барлық ұсынысты береміз, - деді министр.

Тамара Дүйсенова өз сөзінде проблема барын айтты.

Проблема бар. Ең төменгі, орташа және жоғары зейнетақылардың арасында үлкен айырмашылық пайда болды. Ал ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау арқылы осы айырмашылықты ретке келтіреміз, - деп түсіндірді Дүйсенова Сенатта.

Өзгелердің жаңалығы