Ең негізгісі – халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу – Айбар Олжай

12 Шілде 2024, 21:48
566
Бөлісу:
Ең негізгісі – халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу – Айбар Олжай
Фото: baq.kz

Мемлекет азаматтардың шамадан тыс несие алуымен көпсатылы күрес бастаған болатын. Егер сізге банк кредит бермесе, оған ренжудің еш жөні жоқ. Бұл туралы экономика сарапшысы Айбар Олжай жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Одан кейін коллекторлық жұмыс жөнге салынды. Енді, Президент тапсырмасымен, кредиттік жүктеме коэфицентіне де кезек келіп отыр. Әңгіме не туралы?

Несие беру кезінде тәуекелді азайту туралы жаңа заң нормалары қабылданбақ. Аталған құжаттың біраз жаңалығы бар. Ең негізгісі – халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты.

1. 90 күннен аса кредитін төлемеген адамға жаңа несие беруге тыйым салынады. Бірақ ескі кредитті рефинанс жасауға болады.

2. Әскерге шақырылған жігіттердің кредиті болса, әскерде жүргенде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде оған проценттер жүрмейді.

3. 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Сонымен қатар, мораторий аяқталған соң, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап жеке тұлғалардың берешектерін коллекторлық агенттіктерге сату шарттары қатаңдатылады.

4. Банк және микроқаржы омбудсмендері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкердің шағымын қараған кезде кепілге қойған жылжымайтын мүлікті тартып алуға тыйым салынады. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар енді бұған дейін банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын кері сатып алу құқығына ие болады.

5. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және І, ІІ топ мүгедектерін жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады.

6. Коллекторлар, жеке сот орындаушылары, қаржы ұйымдары алып қоя алмайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдағанда борышкердің банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (биыл 43 407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды. Яғни, жалақысынан ақша ұстағанда адамда кемінде 86 мың теңге қалуы тиіс, - деп жіктеп жазды экономист.

Алаяқтармен күресте мемлекет негізгі жауапкершілікті қаржы ұйымдарына жүктеп отыр. Мысалы, егер онлайн кредитті алаяқтардың рәсімдегені сотта дәлелденсе және судья тиісті үкім шығарса, ондай кредиттер кешіріледі. Мұндай жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы зардап шеккен азаматтың бүлінген кредиттік тарихын тазалап беруге міндеттеледі. Қосымша тағы алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, сарапшы ел азаматтарына банкке еш ренжудің қажеттігі жоғын жазды.

Бұдан кейін топырлатып кредит бермес бұрын банк те ойланатын болды. Егер сізге банк кредит бермесе, оған ренжудің еш жөні жоқ. Ол тіпті жақсы да. Дәл осы шешім сізді болашақтағы көптеген проблемадан құтқарып қалған шығар. Және Егов порталында өзіне кредит алуға тыйым салуға болатын функцияның бар екенін ұмытпаңыз. Оны іске қоссаңыз, өзіңіз де, сіздің атыңыздан алаяқ та несие ала алмайтын болады, - деп жазды Айбар Олжай.

Өзгелердің жаңалығы