Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс – Президент еліміздің орнықты дамуы үшін қажетті өзгерістерді атады

Президент қоғамда «Адал азамат» қағидатын орнықтырып, білім мен ғылымды дамытуға басымдық берудің маңызын атап өтті.

 Ақорда 28 Қазан 2026, 12:54
28 Қазан 2026, 12:54
134
Фото: Ақорда

Қазақстанның орнықты дамуы үшін заңға құрмет, адал еңбек пен отаншылдық қоғамның негізгі құндылықтарына айналуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы білімді азаматтарға, білікті мамандарға және жаңа технологияларды меңгеруге байланысты екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. «Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады, - деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ ол Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілейтінін жеткізді.

Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады. Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын, - деді Мемлекет басшысы.
 

Наверх