"Емтихан тапсырмай диплом аласың". Шымкентте алаяқ әйел сотталды

10 Маусым 2022, 07:27
1313
Бөлісу:
"Емтихан тапсырмай диплом аласың". Шымкентте алаяқ әйел сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жергілікті тұрғын ақша табу жолында екі азаматқа оқуға бармай жоғарғы оқу орнының оқуын оқығаны туралы диплом құжатын алып беруге және оқу кезеңінде болатын емтихандарды тапсырмай өтуіне көмектесе алатынын айтып, сенімдеріне кірген. Осылайша жастардан 100 000 теңге және 70 000 теңге қолма-қол алған. Кейіннен оқу жылдары аралығында емтихандардан өту үшін жәбірленушілерден бөліп-бөліп, әрқайсысынан 800 000 теңгеден алып, бас пайдасына жаратқан. 

Білікті мамандардан құрылған тәртіп сақшылары шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізіп, куәгерлерден жауап алып, ақша аударымдары тексерілді. Нәтижесінде жедел уәкілдер оқу орнының бұрынғы қызметкері болған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол өз ісін толығымен мойындады.

Қылмыстық іс дәлелденіп, ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында (екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған бейтаныс адамдарға сенбеңіздер деп ескертеді. 

Мәселеңізді тез арада шешемін деп, алаяқтарға алданып қалмаңыз. Барлық әрекеттерді дұрыс жасап, заң аясында ғана атқаруға дағдыланыңыздар. Қандай да бір алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” арнасына хабар беріңіздер, – дейді Шымкент қаласы Полиция департаменті.

Өзгелердің жаңалығы