Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының жұмысын бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Енді емханалардың қызметі тек көрсетілген қызмет санына емес, пациенттің медициналық көмек алу нәтижесіне қарай бағаланады.
Емхана жұмысы қалай бағаланады?
Емханалардың жұмысы 100 балдық жүйе бойынша бағаланады. Көрсеткіштер тоқсан сайын денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде есептеледі.
Бағалау кезінде пациенттің бейінді маман қабылдауын қанша уақыт күткені, қажетті диагностикалық зерттеулерден уақытылы өткені және стационардан шыққаннан кейін медициналық бақылауда болғаны ескеріледі.
Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны. Ол үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек. Қазіргі таңда ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Профилактика мен ерте диагностикаға басымдық беріледі
Жаңа жүйеде аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау көрсеткіштеріне жеке мән беріледі. Атап айтқанда, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту, скринингтерден өту, сондай-ақ сүт безі, жатыр мойны және колоректалдық обырға күдік болған жағдайда диагностиканың уақтылы аяқталуы бағаланады.
Сонымен қатар пациенттердің кері байланысы да есепке алынады. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен түсініктілігі, пациенттің өз диагнозы мен емдеу жоспарын білуі және емнен кейін денсаулық жағдайының жақсаруы назарға алынады.
Пациентке қандай қызметтер қолжетімді?
МСАК стандартының жаңа редакциясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде көрсетілетін қызметтер көлемі нақты айқындалған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтер пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Олардың қатарында бастапқы буын мамандарының қабылдауы, дәрігерге дейінгі тексеру, жедел медициналық көмек кабинеттерінің қызметтері, жалпы қан және зәр талдаулары, ЭКГ, флюорография және басқа да диагностикалық зерттеулер бар.
Пациент тек тексеру нәтижелерін алу үшін емханаға қайта бармауы үшін зерттеу қорытындылары мен алғашқы қабылдаудан кейінгі ұсынымдар медициналық цифрлық жүйе арқылы оның жеке кабинетіне автоматты түрде жіберіледі.
МӘМС жүйесінде МСАК деңгейінде зертханалық диагностика, ЭКГ, маммография, холтерлік мониторинг, артериялық қысымды тәуліктік бақылау, патронаж, қашықтан консультация және мобильдік бригадалардың қызметтері де қолжетімді.