Елорданың көшпелі бригадалары еңбек ұжымдарын қалай вакцинациялайды

1 Шілде 2021, 13:46
849
Бөлісу:
Елорданың көшпелі бригадалары еңбек ұжымдарын қалай вакцинациялайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда қала тұрғындарын КВИ-ге қарсы вакцинациялау қарқыны артып келеді.

Қаладағы 100-ден астам егу пунктінен басқа, еңбек ұжымдарын вакцинациялауды көшпелі бригадалар да жүргізеді. Күніне орта есеппен бір бригада 100-ге жуық адамды вакцинациялайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін мобильді вакцинация тобы Sine Tempore сауда үйіне шықты. Мұнда қызметкерлерден бөлек, сауда орталығының жалға алушылары да келіп жатты.

Вакцина алғаныма біраз уақыт болды, тиісінше қызметкерлерімді де үгіттеп келдім. Мобильді вакцинация топтарының арқасында иммундаудан өттік. Бұл өте ыңғайлы, жұмыс уақытымыз бөлінбейді, ешкім ешқайда кетпейді, - деді «Sine Tempore» АҚ президенті Татьяна Цой.

Вакцина алғандар өздерін жақсы сезініп отырғанын айтты. Олардың көпшілігі екпе алу туралы шешімді ойланып барып қабылдаған екен.

«СОО-ға мобильді вакцинация келеді деп хабарлады. Ойланбастан тіркелдім. Себебі, бұл инфекцияны өзім жұқтырғанмын, қаншалықты қауіпті екенін де жақсы білемін. Бұл қауіптен қорғанған жөн», - деді елорда тұрғыны Сайрангүл.

Айта кетерлігі, вакцинациялауға белсенді түрде шақыратындар арасында коронавируспен ауырғандар көп. Себебі олар вируспен ғана емес, оның салдарымен де күресу қаншалықты қиын екенін біледі.

Вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезінемін. Бұл індетті осыдан төрт ай бұрын жұқтырғанмын. Екінші рет жұқтырғым келмейді. Еліміздің барлық азаматын вакцина алуға шақырамын. Бұл бізді коронавирустан қорғайды, - деді сауда үйінің қызметкері Арбен Джори.

«Отбасымда бәрі екпе алды. Ал өзім көптен бері үрейленіп жүріп, енді ғана шешім қабылдадым. Вакцинаны бәрі алғанын қалаймын», - деді СОО қызметкері Татьяна Морозова.

Вакцинация – бұл ұжымдық иммунитетті дамытудың және әдеттегі өмірге оралудың жалғыз тәсілі. Еуропа елдері мен футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатының (жартылай жанкүйерге толған стадиондар) тәжірибесі індетті жеңуге болатынын көрсетеді. Вакцинацияланған азаматтардың санын көбейту керек. Медицина қызметкерлері елорда тұрғындарының вакцинацияға дайын екенін айтты.

Наурыз айынан бастап вакцинациялау үшін еңбек ұжымдарына барып жүрміз. Күніне екі рет баратын кезіміз болады. Орташа есеппен 50-ге жуық адам вакцина алуға келеді. Кейде одан да көп болып жатады. Біздің емхананың өзінде үш мобильді топ бар. Өтінімдер ірі зауыттардан, әуежайлардан және вокзалдардан, сондай-ақ шағын компаниялардан түсіп жатады. Вирустың жаңа қауіпті штаммы пайда болғанын, оның мутацияланғанын ескерер болсақ, вакцинациядан бәрі өтуі қажет. Бұл халықтың азаматтық борышы, - деді №14 емхана бөлімшесінің меңгерушісі Есбол Омаров.

Оның айтуынша, елорда әкімдігі жүргізген жұмыстың нәтижесінде вакцина алуға келетін жұрттың қатары көбейе бастады. Қала тұрғындары вакцинация мәселесінде өздерінің азаматтық ұстанымдарын белсенді түрде көрсетіп, иммундаудан өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны өткізілетінін хабарлаған. Оған вакцинаның бірінші компонентін 25 маусым мен 31 тамыз аралығында алған азаматтар ғана қатыса алады.

Сондай-ақ, қала тұрғындарын жаппай вакцинациялауға ынталандыру үшін елорда кәсіпкерлері екпе алғандар арасында бағалы сыйлықтар ұтысын өткізіп жатыр.

Мысалы, «Азия Парк», «Mega Silk Way», «Сарыарқа», «Абу-Даби Плаза», «Керуен», «Еуразия» СОО-ларында тұрмыстық және компьютерлік техника түрінде бағалы сыйлықтар ойнатылып, жеңілдік купондары беріледі.
Айта кетейік, бүгінде елордада 230 мыңға жуық азамат вакцинаның бірінші компонентін қабылдаса, 152 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті.

Өзгелердің жаңалығы