Елорданың бас жоспарын қала тұрғындары бірге талқылап жатыр

23 Тамыз 2023, 18:23
812
Бөлісу:
Елорданың бас жоспарын қала тұрғындары бірге талқылап жатыр
Фото: Елорда әкімдігі

2035 жылға дейін жоспарланған Астананың бас жоспарының жобасы 16 тамыздан бастап қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тұрғындар бас қаланың жобалық жоспарымен көрме арқылы танысып жатыр.

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында ұйымдастырылған көрмеге күніне шамамен 100 адам келеді.

Олардың ұсыныстарының басым бөлігі әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, балабақша құрылысының мақсатты салынуы, кіші Талдыкөл маңындағы құрылыс туралы және саябақтар мен саяжайларды көбейту мәселесіне қатысты болып жатыр.

Көпшілік, алдымен, өз тұрғын үйлерінің қасында балабақша, мектеп бар ма – соны білгісі келеді. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің салынуына қарсы болып жатыр. Әсіресе үйлері орталықта орналасқан астаналықтар, оның ішінде «Ақбұлақ» шағын ауданы, жаңа Нұра ауданы, «Централ парк» елді мекенінің тұрғындары бұған қатысты наразылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, көпқабатты үйлер құрылысы біріншіден, инженерлік желілерге салмағын түсіреді, екіншіден, жолда көлік ағынын көбейтеді. Біз тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, мәселені зерттейтін боламыз, - деді «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас маманы Гүлдана Сапарбаева.

Тұрғындар өз үйлерінің қасынан биік ғимараттардың салынуына қарсы болуының тағы бір себебі – құрылыс салдарынан баспаналарының ірге тасы отырып қалады деген қауіп.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, бас жоспарда қай жерде жол, қай жерде нысан салынатыны көрсетілгенімен, оның ауқымы қандай болатыны не мектеп, не банк болатыны белгіленбеген. Бұл бюджет көлемі мен құрылысшылардың шешіміне байланысты болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана қаласының бас жоспарын қоғамдық талқылау 25 тамызда аяқталады. Оған дейін барлық ауданда талқылаулар жалғаса береді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, биыл маусым айының көрсеткіші бойынша Астана тұрғындарының саны 1 млн 376 мыңды құраса, бас жоспар бойынша елордалықтардың саны 2035 жылға қарай 2 млн 275 мыңға жетуі мүмкін. Қала құрылысы нормасына сай 2035 жылы тұрғын үйге деген қажеттілік 68 250 шаршы метрді құрайтын болады. Бұл жылына 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынуы қажеттігін көрсетеді. Ал Астананың жалпы көлемі 79 733 гектарды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы