Елорданың жасыл белдеуі 30 мың гектарға дейін ұлғаяды

8 Тамыз 2019, 02:37
2427
Бөлісу:
Елорданың жасыл белдеуі 30 мың гектарға дейін ұлғаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың жасыл белдеуі 30 мың гектарға дейін ұлғаяды. Қазіргі көрсеткіш 15 мың гектар шамасында. Бұл туралы 24.kz сайтында хабарланды.

Бас қаланың жасыл желегін жайқалту ісі 2021 жылы жаңаша серпін алмақ. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр.Бұдан 20 жыл бұрын елорданың іргесіне егілген тал-шыбық қазір зәулім ағашқа айналды. Жалпы аумағы 15 мың гектар жасыл белдеу келешекте екі есе ұлғаюы тиіс. Қазір орман арасы жас шыбықтармен толығып жатыр. Биылдың өзінде 511 мың түп тал отырғызылды. Қайың-қарағайы жайқалып тұрған орманда шырша, емен, үйеңкі сынды ағаштардың 36 түрі өседі. Арасында қарақат, шие тәрізді жеміс-жидектер де бар.

«Шілде-маусым айларында біз орманды зиянкестерден қорғасақ, қазір дала өртінен қорғау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл бойынша бізде Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі бойынша 6 пост орналастырылған. Онда 40 адам және 6 су таситын машиналар тәулік бойы жұмыс атқарады. Енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан тал-теректерге ерекше күтім қажет. Биыл жауын-шашын мөлшері аз болғандықтан, жұмысшылар тынымсыз тер төгуге мәжбүр. Есесіне бұл бас қалаға жақын ауыл тұрғындары үшін екі қолға бір күрек. Таңның атысы, күннің батысы 900-дей еңбеккер ағаштарды суарып, орман алқабын көркейтуге үлес қосады»,- дейді «Астана орманы» мекемесінің бас агрономы Ардақ Хасенов.

«Мен Оразақ ауылының тұрғынымын. Осы Астана орманында бірнеше жылдан бері жұмыс істеймін. Уақытында келіп кетеміз. Айлық жақсы, ай сайын беріп тұрады. Осы талдарды егіп, елка, клен ағаштарын егіп, жақсы өсіп тұрса, өте қуанамыз»,- дейді жұмысшы Дәметай Сүлейменова.

Елордадағы жасыл белдеу аумағы 30 мың гектарға жетсе, 1 миллионнан астам тұрғыны бар бас қала үшін экологиялық ахуал да жақсарады.Сонда ғана әрбір тұрғынға 250 шаршы метр орман алқабы тиесілі болып, халықаралық талаптарға толық сәйкес келмек. Қазірдің өзінде, Арқаның аңызағы азайғаны анық байқалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың игі нәтижесі.

Өзгелердің жаңалығы