Елорданы өңірлермен жалғайтын 4 жолақты автомагистраль құрылысы жалғасады

9 Қыркүйек 2021, 13:02
6512
Бөлісу:
Елорданы өңірлермен жалғайтын 4 жолақты автомагистраль құрылысы жалғасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерді «сәулелі принцип» бойынша байланыстыратын жоғары жылдамдықты 4 жолақты автомагистраль құрылысы жалғасады. Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағытындағы жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Қарағандыдан Қапшағайға дейінгі учаскеде іске асырылуда. Биыл ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды-Балқаш учаскесіндегі негізгі жұмыстарды аяқтау көзделген, - деді Қамалиев.

Ол Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландырып жатқан «Балқаш-Бұрылбайтал» учаскесін реконструкциялау барысында коронавирус пандемиясына байланысты жекелеген шетелдік компаниялар жұмысын жалғастыра алмады және қазір аталған учаскелерде басқа мердігерлер жұмыс істеп жатқанын айтты.

Жалпы Мемлекет басшысы тапсырғандай, «Қарағанды-Балқаш-Алматы» дәлізін толықтай 2023 жылы аяқтаймыз. Қайта жөндеуден кейін қозғалыстың есептік жылдамдығы шамамен 120 км/сағ құрайды, тиісінше Нұр-Сұлтаннан Балқаш көліне дейін 6-7 сағатта жетуге болады. Алматыдан жету үшін де дәл осындай уақыт қажет, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы