Мамин елорданы дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

25 Шілде 2019, 16:38
1845
Бөлісу:
Мамин елорданы дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

«Елбасының тапсырмасы бойынша елорданы дамытудың өзекті мәселелерін шешу, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың бес жылдық Кешенді жоспары дайындалып, бекітілді», - деді премьер-министр. 

Сондай-ақ, ол ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас қаласының дамуына үлкен мән беретінін және Үкіметке бірқатар міндетті жүктегенін айтты.

Мемлекеттік комиссия отырысы барысында қаланың жиынтық құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, газбен жабдықтау, қала маңын дамыту және үлестік құрылыс мәселелері талқыланды.

Кешенді жоспарды іске асыру және Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың өзекті мәселелері туралы қала әкімі Алтай Көлгінов баяндады. Бейінді бағыттар бойынша ұлттық экономика министрі Руслан  Дәленов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, әділет министрі Марат Бекетаев, энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.

«Елордада тұрғын үйге сұраныс жоғары кезде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендемеуі тиіс. 6 айдың қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны 20%-ға төмендеді», - деп атап өтті Асқар Мамин.

Жалпы, жарты жылдың қорытындысына сәйкес негізгі көрсеткіштер бойынша артта қалушылық байқалуда: негізгі капиталға инвестициялар 20%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 33%-ға төмендеді.

«Үкімет Елорданы кешенді дамытуды іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Елорда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Жекелеген мәселе — Нұр-Сұлтан қаласының төңірегін дамыту. Елорда әкімдігі биыл 9 жобаны іске асыруды жоспарлады, соның ішінде әлеуметтік, мәдени маңыздағы нысандар, газдандыру нысандарын, инженерлік желілер салу мәселелері бар.

«Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі мәселелерді шешуге үш жылдық кезеңге 22,5 млрд теңге қарастырылған, осы қаражатты қала төңірегінде өмір сүретін азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға жұмсау қажет», - деп баса айтты Асқар Мамин.

Үкімет басшысы кеңес қорытындысын шығара отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Елорда әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы іске асыру, елорда төңірегінде нысандар салудың ЖСҚ әзірлеу бойынша қажетті шараларды қабылдау, үлестік құрылыстағы проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды жеделдету тапсырылды.

ҚР премьер-министрі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің негізгі жұмысы газбен жабдықтау, көшені жарықтандыру, нөсер канализациясы, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, көлік желілерін дамыту мәселелерін жедел түрде шешу екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы