Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау – Елбасы еңбегіне деген құрмет

26 Наурыз 2019, 20:15
2522
Бөлісу:
Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау – Елбасы еңбегіне деген құрмет

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Елордаға Нұр-Сұлтан атауы берілуіне байланысты мерекелік іс-шара Таран ауданында да өтті. Тұрғындар аудандық мәдениет үйіне жиналып, пікірлерімен бөлісті.
 

Мінберге алғашқылардың бірі болып облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы Таран аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айнаш Даданова көтерілді.

«Республика астанасына Нұр-Сұлтан атауының берілуі – қуанышты әрі маңызды жаңалық. Өйткені, тәуелсіз елімізге Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі өте зор. Сондықтан, Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау – Елбасының еңбегіне жасалған құрмет деп түсінеміз. Біз заманауи әрі қарқынды дамып жатқан елде тұратынымызды мақтан етеміз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қандай болғанымызды менімен жастылар жақсы біледі. Әлеуметтік, экономикалық мәселелер қордаланып қалған еді. Соның бәрінен аман шығып, елді жұдырықтай жұмылдырып, дамуға бастаудың қандай екенін біз жай ғана тұспалмен айта алармыз. Елбасы сондай сезімді, толқынысты, күш-жігерді, қайратты өн бойынан тапты. Кемеңгерлігі, түйсігі мен төзімі Ұлт Көшбасшысына Еуразия жүрегінде мықты мемлекет қалыптастыруға көмектесті», – деді Айнаш Даданова.

 Аға буын өкілдері атынан Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Овчарова сөз сөйледі.

«Жаңа астанамыз тәуелсіз Қазақстанның символына, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Еуразия кіндігінде орналасқан әсем қаламыз әлемнің түпкір-түпкірінен инвесторлар тартып жатыр. Небір халықаралық жиындар осы қалада өтеді. Балаларымыз бен немере-шөберелеріміз мемлекеттің негізін қалаған тұлғаны біліп өсуі керек деп есептеймін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың астана атауын ауыстыру туралы ұсынысы – таңдаған бағытымыздан айнымайтынымыздың айғағы. Елордамыз жаңа атауымен одан әрі құлпыра түссін деп тілеймін», – деді Раиса Овчарова.

 Жалынды жастардың жылы лебізін аудандық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Александр Корякин жеткізді.

«Биыл ел жастары үшін ерекше жыл. Жастарды қолдау үшін көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Жаңа үміттер мен үлкен жеңістердің кезеңі туды. Сөзіміз жерде қалмайтынын, бізге үміт артатынын көріп отырмыз. Тәуелсіздіктің бастауында тұрған Елбасы жастарды әрқашан қолдап жүрді. Оны әр замандасым сезінді деп ойлаймын. Бүгінде біз ата-анамыз армандаған игіліктерге қол жеткіздік. Оның негізі – Тұңғыш Президент жүргізген сарабдал саясатта. Сол үшін де, Елбасы еңбегін түсіне отырып, астана атауын Нұр-Сұлтан деп атауды толығымен қолдаймын. Біз, жас буын үміттеріңізді ақтаймыз!», – деп түйіндеді сөзін Александр Корякин.

Мінбердегі сөздерден соң, дүйім жұртшылық жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы