Астанада Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған бұқаралық жүгіру өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұзақтығы 1 шақырымды құраған жүгіру – кәсіби спортшылардың жарысы болмағанымен, Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өтуге бағытталған іс-шаралардың бастауы деуге болады. Жаппай жүгіруге салалық ведомство басшылары, танымал спортшылар, белсенді азаматтар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі және Қазақстандағы ДДСҰ елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла «Сөзден іске/Walk the talk» ұранымен қысқа қашықтыққа жүгіру акциясын бастап берді.
Бүгінгі іс-шараға салауатты өмір салтын ұстану және спортпен шұғылданудың денсаулық үшін маңыздылығын түсінетін қауым, жастар, ғалымдар, медициналық қызметкерлер, спортшылар келіп отыр. Мұндай акциялар барлық өңірде өтуде. 1950 жылдан бастап 7 сәуірде бүкіл дүние жүзінде Денсаулық сақтау күні аталып өтіледі. Бүкіл жаһанда Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуы жөніндегі мәселелерді көтерді. 1978 жылы Алматыда үлкен жаһандық конференция өтіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің декларациясы қабылданған болатын. Бүкіл дүние жүзі осы декларациямен жұмыс істеді. Ол халықтың денсаулығын әуел бастан нығайтуға, оны қорғауға арналған көмектің түрі. Әрбір адамның өзінің оң денсаулық сандары болады. Ол физикалық белсенділік, күніне 10 мың қадам жүру, қаныңыздағы қанттың дұрыс болуы, холестерин, адамның салмағының қалыпты болуымен көрініс табады, - деп атап өтті министр Ажар Ғиният.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық күні адамдардың назарын денсаулықты нығайтып, әлемдегі қауіпсіздікті қолдауға және азаматтардың денсаулық пен әл-ауқатты қорғауға құқықтарын сақтауға аударуға бағытталған деп отыр.
Дүниежүзілік денсаулық күнін мерекелеу дене белсенділігі мен салауатты өмір салтын насихаттаумен тығыз байланысты. Бағалау қорытындысы бойынша 2022 жылы ересектердің тек 18 пайызы ғана аптасына 150 минуттан артық физикалық белсенділікпен айналысады. Инфекциялық емес ауруларды азайтуда салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, алкогольді, темекі өнімдерін тұтыну сияқты мінез-құлық қауіп факторларының болмауы маңызды, - деді Денсаулық сақтау ведомствосының басшысы.
«Дені сау ұлт» және «Адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру жаңа Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады. ДДСҰ ұйымның негізгі бастамаларының ұлттық жоспарларға интеграциялануын жоғары бағалайды және техникалық және әдіснамалық қолдау көрсетуді жалғастыруға міндеттенеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау қызметкерлерінің рөлін күшейтуге және олардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Денсаулықтың адам өміріндегі маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Өйткені денсаулық болмаса, ештеңе маңызды емес. Денсаулық сыр берсе, өміріңіздегі қалған барлық дүниеге де қауіп төнеді. Бүгін, ертең және күн сайын біз денсаулығымызды, денсаулық сақтауды жетілдіріп, ел мен қоғам үшін жарқын келешекті қамтамасыз ету үшін атсалысуымыз қажет, - деді ДДСҰ өкілі Скендер Сыла.
Бүгін – өте маңызды күн. Дене белсенділігінің аздығы көп жағдайда өлім-жітімнің жалпы санының 6 пайызын құрайды. Жұқпалы емес аурулардың бірден-бір себебі – дене белсенділігінің аздығы, зиянды әдеттерге әуес болу. Одан кейін жоғары қан қысымы (13%), темекі шегу (9%) және қандағы глюкозаның жоғары деңгейі (6%). Артық салмақ пен семіздік әлемдегі өлім-жітімнің жалпы санының 5%-на тең, - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова.
Дене белсенділігін насихаттауға бағытталған іс-шарада 1 мыңнан астам адам жүгірді.
Белгілі болғандай, Дүниежүзілік денсаулық күнін мерекелеу аясында бүкіл республика бойынша ауқымды акциялар, спартакиадалар, мектептерде ашық денсаулық сабақтары, емханаларда ашық есік күндері өтеді.