Елордалық спортшылар пәтерлі болды

17 Ақпан 2023, 21:11
970
Бөлісу:
Елордалық спортшылар пәтерлі болды
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев  Бразилия мемлекетінде өткен XXIV Жазғы Сурдалимпиада ойындарында қола медаль еншілеген елордалық спортшы Сабыржан Хапизовты және спортшының бапкерлерін қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Ерлан Орынбасарұлы Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмудұлының құттықтауын жеткізіп, ел намысын қорғап, елордамыздың атын шығарған спортшыға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Елордалық спортшылар пәтерлі болды

Сондай-ақ Ерлан Орынбасарұлы мемлекет тарапынан дене шынықтыру мен спортты белсенді түрде дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес біз әр уақытта бұқаралық спортты, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерін қолдаймыз. Спорт қолдау тапса, саңлақтар шыңдалып, ел абыройын көтереді. Бүгінде астаналықтар өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Осы орайда өздеріңізге алғысымды білдіремін. Сіздердің жарқын жеңістеріңіз күллі жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйлады. Байрақты бәсекеде Сабыржан ел сенімін ақтап қола медальға ие болды. Сабыржанның мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуіне  жаттықтырушыларымыздың да елеулі үлесі бар. Бүгін міне еліміздің даңқын әлемге танытып жүрген жерлесімізді қолдау мақсатында жаңа пәтердің кілтін табыс еткелі отырмыз. Алдағы уақытта тек жақсы нәтижелер күтеміз. Сізге шаһар басшылығының атынан үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өздеріңізге жаңа жеңістер мен сәттіліктер тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін,  - деді өз сөзінде Ерлан Бекмурзаев.

Елордалық спортшылар пәтерлі болды

Өз кезегінде жерлесіміз Сабыржан мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғысын білдіріп, еліміз бен Астана қаласының спортын жаңа белеске шығаруға аянбай тер төгетіндігін жеткізді.

Пәтер сыйлап, қолдау білдіріп жатқан шаһар басшысына алғысым шексіз. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды салатын боламын. Алдымыздағы дүйсенбіден бастап Бішкек қаласына жол жүреміз. Ол жерде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, биылғы жылы өтетін Азия чемпионатында, алдағы Әлем біріншілігінде үздік атануға бар күш жігерімді жұмсаймын. Менің басты мақсатым Олимпиада чемпионы болу, - деді Сабыржан Хапизов.

Елордалық спортшылар пәтерлі болды

Спортшы ақпан айының 21 нен бастап Бішкек қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады. Сонымен қатар, жерлесіміз алдағы 3-7 наурыз аралығында есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында сурдодзюдодан Тынық мұхитында өтетін Азия чемпионатына тыңғылықты дайындық үстінде. Айта кетейік, спортшыға сыйға берілген пәтер Алматы ауданында орналасқан, - деп хабарлады Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы