Елордалық құтқарушылар хоккей турниріндегі жеңісті Асқар Забикулинге арнады

4 Желтоқсан 2022, 10:19
748
Бөлісу:
Елордалық құтқарушылар хоккей турниріндегі жеңісті Асқар Забикулинге арнады

Елордалық құтқарушылар хоккей турниріндегі жеңісті Асқар Забикулинге арнады, деп хабарлайды BAQ.KZ  ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 1-2 желтоқсан аралығында Петропавлда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған құқық қорғау органдары арасында шайбалы хоккейден республикалық турнир өтті. 

Турнир айналмалы жүйе бойынша өтіп, СҚО ТЖД «Қорғау» және «Арыстан» МҚКБ командаларының жекпе-жегінен басталды. Содан кейін Ақтөбе облысы ТЖД және Астана ТЖД командаларының матчі өтті, онда елордалық спортшылар жеңімпаз атанды.

БҚО ТЖД командасы мен «Арыстан» арасындағы жарыс МҚКБ өкілдерінің жеңісімен аяқталды. Полиция департаментінің «Динамо» командасы мен Астана ТЖД өрт сөндірушілері арасындағы хоккей ойындары астаналықтардың жеңісімен аяқталса, ал СҚО ТЖД мен БҚО ТЖД командалары арасындағы ойында солтүстік қазақстандықтар жеңіске жетті. Турнирдің бірінші күні Ақтөбе облысы ТЖД және «Динамо» командаларының кездесуімен аяқталды, онда Полиция департаментінің командасы жеңіске жетті.

Ойынның екінші күні Полиция департаментінің «Динамо» және елордалық ТЖД-ның «Құтқарушы» командалары күш сынасып, астаналықтар жеңіске жетті. Бұдан әрі елордалық құтқарушылардың мұздағы «жекпе-жегі» СҚО ТЖ департаментінің «Қорғау» командасымен өтті, онда да «Құтқарушы» командасы жеңіске жетті.

Нәтижесінде Астана ТЖД командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды СҚО ТЖД өкілдері, үшінші орынды СҚО Полиция департаментінің командасы алды.

Өзгелердің жаңалығы