Елордалық Полиция департаментінің бастығы болып Марат Төлебаев тағайындалды

27 Қаңтар 2022, 10:58
1148
Бөлісу:
Елордалық Полиция департаментінің бастығы болып Марат Төлебаев тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы лауазымына Марат Төлебаев тағайындалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін ІІМ басшысы оны жеке құрамға таныстырды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Ержан Саденов ҚР Президентінің Өкімімен жақында ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Министр Ержан Саденовтың басшылығымен Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтіп, атқарылған жұмыс үшін алғысын білдірді.

Біздің елордамыз қарқынды өсіп, дамып келеді, оның тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Аумақтық бөлімшені басқаруда мол тәжірибесі бар Марат Төлебаев Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған міндеттерін орындау жұмыстарын, оның ішінде халықпен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, полиция қызметін цифрландыру және қылмысқа қарсы күресті тиісті деңгейде жалғастыратынына сенімдімін.  Біздің елордамыз әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың қатарында болуы тиіс, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев. 

Марат Сағынтайұлы Төлебаев 1969 жылы туған. Ішкі істер органдарындағы қызметін Қостанай облысында қылмыстық іздестіру жедел уәкілі лауазымынан бастады. Әр жылдары елордада Полиция департаментінің бөлімшелерінде басшылық қызметтерді атқарды. Қостанай облысы және Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментін басқарды. Полиция генерал-майоры арнайы атағы бар.

 

Өзгелердің жаңалығы