Елордалық полицейлер өзенге секірген ер адамды мұзды судан алып шықты

8 Қараша 2022, 18:36
1224
Бөлісу:
Елордалық полицейлер өзенге секірген ер адамды мұзды судан алып шықты

Елордалық полицейлер ер адамды мұзды судан құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Polisia.kz сайты таратқан мәліметке сәйкес, оқиға бүгін таңғы сағат 5 жарым шамасында орын алған. Полиция бөлімшесіне Сарыарқа даңғылындағы көпірден ер адамның өзенге секіргені туралы қоңырау келіп түскен.  

Оқиға орнына құрамында взвод командирі полиция капитаны Самат Сәбит, полк инспекторлары аға лейтенанттар Тасқын Сәкен және Ринат Мұхамеджанов бар патрульдік полиция экипажы дереу барады. Аталған орынға келгеннен кейін полицейлер суға батып бара жатқан адамды көреді. Бір секундты да жоғалтпай, Самат Сәбит жағаға жүгіріп барып, тез арада бушлат пен бас киімін шешіп, суға батып бара жатқан адамға көмектесу үшін мұзды суға кіріп кетеді. Осы уақытта Тасқын Сәкен көпірден құтқару шеңберін лақтырады, алайда ер адам ешқандай әрекет танытпайды. 

Взвод командирі ер адамға жүзіп барып, оны ұстап алып әріптестері, құтқарушылар және жедел жәрдем бригадасы күтіп тұрған жағаға қарай тартып әкеледі. 

Қуанышымызға орай, ер адамның күртешесі әлі суланып үлгермеген, ішіне ауа үріліп, оны су бетінде ұстап тұрған. Мен оны мықтап ұстап, жағаға сүйреп апардым. Бірақ мұзды суда аяғым тартылып, ұстап қалды, - дейді полиция қызметкері. 

Полицейлер 51 жастағы ер адамның мұндай қадамға баруының себептерін анықтауда. Болған оқиғадан кейін полиция жасағы қызметін әрі қарай жалғастырған. 

Өзгелердің жаңалығы