Елордалық филармония Алғыс айту күні «Дала дәстүрі» концертін қойды

2 Наурыз 2022, 21:11
2567
Бөлісу:
Елордалық филармония Алғыс айту күні «Дала дәстүрі» концертін қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы Алғыс айту күніне орай «Дала дәстүрі» мерекелік концертін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көпұлтты Қазақстанда 1 наурыз барлық этностардың бір-біріне Алғыс айту күні ретінде атап өтіледі. Мереке қазақстандықтардың мейірімділігі, достығы мен сүйіспеншілігінің бейнесіне айналды.

Алғыс айту күні елордалық филармонияның концерттік сахнасында әртістер мен ұжымдар көрермендерді Ұлы даланың музыкалық қазынасы – қазақ халқының ән және аспаптық дәстүрімен таныстырды. Кешке құрметті қонақ ретінде қаланың ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Концерт мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің жетекшілігімен Қазақстан Гиннесінің рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно ансамблінің орындауындағы Бақтыбайдың «Бақтыбайдың әуені» тамаша шығармасымен ашылды.

Бұл кеште қазақ халқының төрт құбыласы – батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде XVII, XVIII, XIX ғасырлардан жеткен көне күйлер, дәстүрлі әндер орындалды. Орындаушылар – филармониямыздың белгілі әншілері, - деді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының халық әні бөлімінің көркемдік жетекшісі Телман Нүркенов.

Шығармашылық әуендері жағынан ең көп, мәнерлі, ұшқыр, темпераментті болып келетін Арқа дәстүрін Бауыржан Нұрмұханов (Біржан «Айтбай»), Данияр Мұқанов (Исаның «Желдірмесі»), Өзгеріс Шерікбай (Біржан «Он саусақ») ұсынды. Халық сүйіп тыңдайтын күйлерді «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова (Ықылас «Ықылас»), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Жанғали Жүзбай (Сүгір «Кертолғау»), «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов өзі шығарған «Бабалар сазы» күйін орындады. «Жылқышы» биін билеген Әйгерім Шолошова да өз өнерімен кештің бұл музыкалық бөлімін көркемдеді.

Бұл негізінен ардагерлерге, көпбалалы ата-аналарға , сол сияқты өзге де жандарға арналған мерекелік концерт. Еліміз тыныш, бейбітшілігіміз берік болсын!, - деді филармонияның «Қорқыт» этно-ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек.

Алғыс айту күні Батыс Қазақстанның өзіне тән мәнерлі әуені бар «Япурай» (орынд. Нұржан Мейірхан), «Кіші Айдай» (орынд. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова), «Жігер» (орынд. Айтолқын Тоқтаған) шығармалары орындалды.

Концерт барысында көрермендер әртістерге ыстық ықылас пен жоғары қошемет көрсетті: қазақ халқының алтын музыкалық қорының інжу-маржандары филармония әртістері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттарымен әсерлі орындалды.

Өзгелердің жаңалығы