Ұлттық нейрохирургия орталығында дәрігерлер 25 жастағы науқастың миындағы гипокампты микрохирургиялық жолмен алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап.
Ота МӘМС жүйесі бойынша жасалған.
Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің пациенті Ж.Т. айтуынша, эпилепсиялық ұстамалар оның өмірінің алғашқы жылынан бері жалғасып келеді.
Анам бір жасымда алғашқы қысқа уақыттағы эпилепсиялық ұстама болғанын айтты. Ұстама кезінде менің денем қатып қалатын, ернім көгеріп, содан кейін аузымның айналасы аппақ боп кететін, бәрі басылғаннан кейін балалармен қайтадан ойнап кететінмін. Ол кезде эпилепсия сияқты диагноздарға сенбейтін, мені дәстүрлі емес әдістермен емдеді, көз тиген деп ойлады. Ұстамалар тоқтамағандықтан, алты жасымда ата-анам дәрігерлерден көмек сұрай бастады. Сонымен, мен құрысуға қарсы дәрілерді қабылдай бастадым. Бірақ жылдар өте келе дәрі-дәрмектер ішуден нәтиже шамалы бола бастады, ұстамалар жиілеп кетті, күн сайын, күніне 3-4 ұстама болып, есімнен танып қалатынмын, әр ұстамадан кейін өз-өзіме келу үшін көп уақыт қажет болатын болды. Сондықтан бұл аурудың емін таба алатын ақпаратты іздей бастадым, - деп жағдайымен бөлісті Ж.Т.
Осылайша, пациент интернеттен Ұлттық нейрохирургия орталығын тауып, дәрігерге жазылған.
Дәрігер Ибатова Гаухар Сұлтанханқызына жазылдым. Дәрігер МРТ суреттерін қарап, менің жағдайымда маған эпилепсияға хирургиялық емдеу қажеті бар-жоғын анықтау үшін қосымша тексерулер керек екенін айтты. Қосымша тексеруден өтіп, соның ішінде иктальдік ЭЭГ-дан өттім. Бұл ұстаманың болып жатқан кезінде жасалатын талдама. Жасалған барлық қорытындылардың нәтежесінде аурудың айқын ошағы табылып, эпилепсияның Фармакорезистентік формасы анықталды. Менің жағдайым хирургиялық емдеуге жарамды деген жауап алдым. Отадан кейін 7 күн өтті, ұстамалар болған жоқ, дәрігерлер біртіндеп дәрі-дәрмекпен емдеуді реттейді, мен үшін ең бастысы, ұстамалар жоқ, - деді ол.
Невролог-эпилептолог дәрігер Гаухар Ибатованың айтуынша ЭЭГ, 3 Тесла МРТ деректері көрсеткендей, пациентте оң жақ самай бөлігінде эпилепсиялық формадағы белсенділік ошағы анықталған.
Біз пациентке нейронавигация мен электрокортикографияны қолдана отырып, мидың «қыртысын» тікелей жазу арқылы ота жасап, гипокампты оң жақтан микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Яғни, диаметрі 3*3 см болатын, оң жақ самайлық кең жайылған эпилепсия ошағы алынып тасталды. Операциядағы қиындық маңдай және самай бөліктерінің бірнеше айқын жабысып қалуымен байланысты болды. Сондай-ақ, ми қыртысынан жабысып қалулар ажыратылды. Біздің міндетіміз эпилепсия ошағын жоюдың тұтастығына ұмтылу ғана емес, сонымен қатар пациенттің өмір сапасының бастапқы деңгейін сақтау болды. Ми заттегінің оған жататын қабықшалармен жабыспаларының болуы операция процесінің күрделенуіне әкеліп соғады, бұл функционалды аймақтардың қыртысты бөліктеріне зақым келтіру ықтималдығын арттырады. Ота науқас үшін неврологиялық тапшылықсыз сәтті өтті. Бұл операция пациенттің өмір сүру сапасын тек жақсы жаққа айтарлықтай өзгертеді деп үміттенеміз, - деді невролог-эпилептолог дәрігер, «ҰНО» АҚ профессоры Гаухар Ибатова.
Ота науқас үшін неврологиялық тапшылықсыз сәтті өтті. Науқаста эпилепсиялық ұстамалар ота жасалған күннен бастап болмады. Бұл ота науқасқа квота бойынша МӘМС жүйесінде жасалды.
Мұндай аса күрделі отаны профессор, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақов, Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігерлері Мұратбек Тілеубергенов және Дәурен Жақсыбаев жасады. Сондай-ақ ота кезінде көпбейінді дәрігерлер тобы жұмыс істеді. Оның құрамында мол тәжірибелі дәрігер-анестезиолог Раушан Тоқшекенова мен дәрігер эпилептолог-нейрофизиолог Гаухар Ибатова болды.