Елордалық дәрігер тілі аузына сыймайтын дертке шалдыққан науқасқа ота жасады

28 Шілде 2023, 15:08
5859
Бөлісу:
Елордалық дәрігер тілі аузына сыймайтын дертке шалдыққан науқасқа ота жасады
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығы

Елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері тілі аузына сыймайтын сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Пациентте анықталған дерт медицина тілінде макроглоссия деп аталады. Яғни тілдің шектен тыс ұлғаюымен сипатталатын сирек кездесетін патология. Дәрігерлер макроглоссия ересектермен қатар, балаларда да кездеседі деп отыр. Ауру кезінде тіл ауызға сыймай, сол себепті пациенттер ауыздарын ашып жүруге мәжбүр болады. Салдарынан тыныс алу қызметі бұзылып, әсіресе түнгі уақытта адам дем ала алмай, жұтыну, сөйлеуі нашарлап, өмір сүру сапасы да төмендейді. Ондай жағдайда бұл патологияның емі – тек пышаққа түсу ғана.

Елордалық дәрігер тілі аузына сыймайтын дертке шалдыққан науқасқа ота жасады

Оның үстіне, бұл ерекше ақауды кез келген медициналық мекемеде анықтау мүмкін емес. Мамандар мұның себебін оның сирек кездесуі мен мұндай сипаттағы патологияны хирургиялық жолмен емдеуде мамандардың тәжірибесі болмауымен түсіндірді.

Отаны орталықтың онколог, хирург, отоларинголог дәрігері, профессор Болат Шалабаев бастаған Дулат Серікбайұлы, Айбар Нұржанов сынды дәрігерлер бригадасы жасады.

Емханамызға Б. есімді 62 жастағы науқас түсті. Тілдің ұзындығы – 16-18 сантиметрге және ені 10 сантиметрге дейін өсіп, ауыз қуысына сыймай келді. МРТ-түсірілім жасағанда бүйірлік және алдыңғы бөлімдердің гиперплазиясы көрініп тұрды. Пациент ұйқы кезінде тыныс алудың, жұтыну мен сөйлеудің бұзылуына шағымданды. Сонымен қатар оның жағдайын қосалқы аурулар: жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфаркті, коронарлық тамырлардың аортокоронарлық шунттау отасы, артериялық гипертензия, қант диабеті, церебралды атеросклероз, созылмалы вертебробазилярлық жеткіліксіздігі диагноздары ауырлатты, - деп атап өтті дәрігер Шалабаев Болат.

Елордалық дәрігер тілі аузына сыймайтын дертке шалдыққан науқасқа ота жасады

Дәрігерлер науқастың күрделі соматикалық күйін есепке ала отырып, үш ай бойы тексерістен өткіздік деп отыр. Айтуынша, отадан соң науқастың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарған. Тілі кәдімгі өлшемге келген.

Операциядан кейінгі ерте кезеңде науқас жансақтау бөлімінде болған кезде жіті жүрек жеткіліксіздігіның дамуы орын алды. Орталығымыздың реаниматолог, кардиолог, эндокринолог, пульмонологтардың күш салуымен науқас толықтай ол күйден шығарылды. Науқастың әрі қарайғы күйі қанағаттанарлық. Резекцияланған тілдің отадан кейінгі жазылуы асқынусыз өтті. Пациент 12-ші тәулікте амбулаториялық емдеу үшін үйіне жіберілді, - дейді Болат Шалабаев.

Өзгелердің жаңалығы