Елордалық боксшылар лицензиялық турнирге дайындықты бастады

27 Ақпан 2024, 19:12
707
Бөлісу:
Елордалық боксшылар лицензиялық турнирге дайындықты бастады
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындық аясында бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жиынға 80-ге жуық боксшы қатысуда. Олардың арасында әлемдік лицензиялық турнирге қатысатын елордалық боксшылардан бөлек, Ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жігіттердің дайындықтары жақсы. Басты акцентті лицензиялық турнир алдында боксшылардың тактикалық және техникалық дайындықтарына қойып жатырмыз. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалуда. Енді 29 ақпан күні Италияға ұшамыз, - деді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Айта кетейік, Апеннин түбегіндегі турнирге Астана қаласының былғары қолғап шеберлері қатысады. Олар: 80 келідегі Нұрбек Оралбай мен 92 келідегі Айбек Оралбай.

Италиядағы турнирге қатыспайтын боксшыларымыз Сербия, Литва, Әзербайжан елдеріндегі халықаралық турнирлерде өнер көрсетеді. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынынан кейін боксшылардың бірқатары Атырауда өтетін Болат Теміровті еске алуға арналған халықаралық турнирде бақ сынайды.

Ал Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирде ерлер арасында 28 лицензия сарапқа салынады. Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының бір лицезиясын иеленген. Былтырғы Жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алған.

Өзгелердің жаңалығы