Елордалық аз қамтылған отбасылар әлеуметтік көмек ала алады

6 Сәуір 2023, 12:33
741
Бөлісу:
Елордалық аз қамтылған отбасылар әлеуметтік көмек ала алады
Фото: massaget.kz

Табысы 35 482 теңгеден төмен елордалықтар әлеуметтік көмек алуына болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алуға Астана қаласында тұрақты тіркеуі бар, елордада тұрғылықты тұратындар құқылы. Тоқсан сайынғы негізде тағайындалып, ай сайын төленетін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға құжаттарды ұсыну үшін тұрғындар Бейбітшілік, 14 көшесінде орналасқан «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына жүгіне алады, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысы туралы деректерді ұсыну қажет.

Отбасының жиынтық табысын есептеу туралы заңнамаға сәйкес табыс бабына еңбек төлемі, әлеуметтік төлем түрінде алынатын табыстар жатады. 

Оның ішінде әлеуметтік төлемдерге: төрт және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы; 2011 жылғы 26 желтоқсандағы неке, ерлі-зайыптылық және отбасы кодексінде көрсетілген балаларға алимент түріндегі табыстар; кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар; жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын жалға беру мен сатудан түскен табыстар; құнды қағаздардан түсетін табыстар; сыйға беруден, жылжымайтын мүлікті, көлік құралдары мен өзге мүлікті мұраға алудан түскен табыстар; қаражатты сыйға алудан түскен табыстар; ақшалай салымдар бойынша депозиттер түріндегі табыстар мен жазбаша өтінішпен расталған өзге де табыстар кіреді.

Белгілі болғандай, Астана қаласындағы кедейліктің шегі 35 482 теңгеге тең. Егер отбасындағы орташа жан басына шаққандағы табыс осы шектен төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. 

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа жан басына шаққандағы табысы мен кедейліктің шегі ортасындағы айырмашылықты негізге ала отырып, отбасының әр мүшесіне төленеді.

Өзгелердің жаңалығы