Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек алатын елордалық Айжан Байғозиева ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған ел азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы Жарлыққа қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мойындау керек, ешкім қарызға жетіскеннен кірмейді. Несие де сол сияқты. Барар баспанаң, ішер тамағың болса, несие алуың екіталай. Ал бүгінгі Қаулының шығуы өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Президент өте дұрыс істеген. Мұндай жаңашылдыққа біз өте қуаныштымыз», - дейді астаналық ана.
Айжан Байғозиева отағасымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Сол үшін атаулы әлеуметтік көмек те алады. Мойындарында төленіп бітпеген несиелері бар.
«Өз жанұямызға келер болсақ, күйеуімнің атында несие бар. Үйде баламен отырғандықтан, маған жұмыссыз ретінде бермей қойған. Төрт баламызға атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Қазір мемлекет барлық қазақстандықты әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мұны ынталандыру деп айтуға болады. Мемлекет көмектеседі екен деп, еңбекті ұмытып, қол қусыруға да болмайды», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.