Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Оқушылар сарайының алдына бір топ ата-ана жиналды. Жұрттың жиылуына балаларды үйірмелерге жаздыруға арналған сайттың істен шығуы себеп болған.
Бұған дейін Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы секцияларға жазылу 25 тамыздан басталатынын хабарлаған еді. Баланы үйірмеге MINDAL порталы арқылы онлайн жаздыру ұсынылды. Қандай да бір сұрақтар туындаса, Оқушылар сарайына келуге кеңес берді.
Ата-аналардың бірі Sputnik Қазақстанға көрсетілген уақытта сайт жұмыс істемегенін айтты. Соның кесірінен адамдар балаларын үйірмеге жаздыру үшін таңғы сегізден мекеме маңына жинала бастаған.
Есік алдында ұзын-сонар кезек пайда болды, ол өте баяу жылжып жатыр. Кейбір тұрғындар бірнеше сағат күтіп, шаршағандықтан, үйлеріне кетіп қалған.