Елордалық және батыстық кәсіпкерлер марафонға қатысты

24 Тамыз 2020, 13:55
1465
Бөлісу:
Елордалық және батыстық кәсіпкерлер марафонға қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бизнестің алуан түрлі бағыттарының өкілдерін жинаған ауқымды шараға Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері қатысты.

Маңызды әрі пайдалы іс-шара Қазақстанда үшінші рет өткізіліп отыр. Биылғы 20 тамызда «Сәттілік марафонына» Атырау қаласы қосылды. Биылғы марафон онлайн форматта өткізілді. Шараның ұйымдастырушылары Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы.

Марафонның бағдарламасы Қазақстанның батыс аймақтарындағы ісін жаңадан бастаған және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлердің инновациялық дамуы мен бизнес идеяларын қолдауға барынша бағытталған.

Жобаның мақсаты – кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдысын дамыту, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға күш салу, бизнесті жүргізуде бәсекеге қабілеттілік пен тиімділікті арттыру. Марафонда Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге әрдайым көмектесуге дайын екенін жеткізді.
2020 жыл күн сайын бізге тосын сый алып келіп жатыр. Дағдарыс – қашан да жаңа мүмкіндіктердің уақыты. Біз қазіргі уақытта жаңа секторлар пайда болып, жаңа шынайылық қалыптасып жатқанын, оған қоса адам капиталының дамығанын бақылап отырмыз. Бұл ретте «Сәттілік марафоны» аймақтағы орта, шағын және микробизнесті сапалы түрде дамыту үшін өткізіліп отыр. Әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде танытып, Қазақстанның батысы, тіпті жалпы Қазақстанның экономикасына белсенді түрде атсалысқан Шелл компаниясы мен ЕҚДБ-ға жеке алғыс айтқым келеді. Жобаның үшінші жылы сәтті өтсін деп тілеймін. Біз алдағы уақытта да жергілікті билік тарапынан барлық бастамаларға қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз, - деді ол. 
«Шелл Қазақстан» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс бойынша директоры Зарина Бакенова атап өткендей, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған  бағдарлама – компанияның бүкіл әлем бойынша стратегиялық әлеуметтік инвестициясының басым бағыты болып саналады.
Сәт сайын өзгеретін бүгінгі әлемде әрдайым өзімізді өзіміз жетілдіріп, әрдайым жедел оқып, бизнесті жүргізудің жетекші практикаларын меңгеріп, тенденциялардың бәрін есепке алып отыруымыз керек. Бұл векторда бағдарламаны дамыту – ісін жаңадан бастаған және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер үшін сөзсіз көмекші әрі керемет старттық алаң бола алады, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, 2018 жылы «Сәттілік марафоны» оқыту бағдарламасының қорытындысы бойынша Орал қаласында 20 дайын бизнес жоба берілгенін атап өту керек. 2019 жылы Ақтау қаласында оқыған кәсіпкерлер жүзеге асырылған 25 жобаны таныстырды.

Бұл ретте өзінің тәжірибесі мен табысы туралы бағдарламаның 2019 жылғы қатысушысы, Ақтаудан келген Жанат Назарынбекова ой бөлісті. Ұстаздардан оқып, олармен жұмыс жүргізгеннен кейін оның «Қозы Тандыр» жобасының пайдасы 2019 жылдың желтоқсанының соңында 3 есе өскен.
2018 жылы айлық табыс шамамен 250 мың теңге еді. 2019 жылы ай сайынғы табысым 350-380 мың теңгеге дейін өсті. «Сәттілік марафонына» қатысқаннан кейін мен алған материалдар мен білімді барынша пайдаланып, жыл соңына қарай айлық табысым 750-780 мыңға дейін жетті. 2020 жыл барлығымызға оңай тиіп тұрған жоқ. Себебі біз коллаборацияның көбін жұмысы уақытша тоқтап тұрған мейрамханалар мен банкет залдарынан алып тұрған едік. Алайда тамақты жеткізу деңгейі өсіп кетті. Наурыз, сәуір мен мамыр айларында біз 1 миллион теңгелік табысқа кенелдік, - дейді Жанат Назарынбекова.
Жоба Қазақстанның батысы мен Нұр-Сұлтан қаласының ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерінің инновациялық бизнес идеяларын қолдау және дамыту үшін әзірленген бағдарлама аясында өткізілуде. Форумның негізгі міндеті – бұрыннан келе жатқан және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өсімнің мүмкіндігін беру, оларды жетекші кәсіпкерлік дағдыларға оқыту.



Өзгелердің жаңалығы