Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаладағы қоғамдық көліктердің карантиннен кейінгі алғашқы жұмыс күні қалай басталды? Осыған орай біз қаладағы қоғамдық көліктердің карантиннен кейінгі алғашқы жұмыс күнінен фоторепортаж дайындаған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында қоғамдық көліктердің жұмысын жолға қоюды тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бүгіннен бастап елордада қоғамдық көліктердің жұмысы жанданды.
Автобустар таңғы сағат 07.00-ден кешкі 21.00-ге дейін қатынайды. Бірінші кезеңде линияға қалалық бағдарлар шықса, екінші кезеңде қала маңына қатынайтын бағдарлар шығады.
Жолаушылар автобусқа кіру алдыңғы есіктен кіріп, ортаңғы және артқы есіктерден шығады. Автобустағы адам саны қатаң бақыланады.
Жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатады. Яғни жол жүру үшін көлік карталарын және жолақысын төлеудің балама тәсілдерін қолдануға болады. Олар SMS, QR-код және мобильді қосымшалар.
Карантин кезінде сатып алынған айлық жол жүру тарифтері пайдаланушылардың көлік карталарына қайта жүктеледі. Осылайша, сәуір айындағы жол жүру мамыр айына ауыстырылады. Айлық жол жүру 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды болады.
Еске сала кетейік, 28 наурыздан бастап қосымша тарифтер іске қосылды. Елорданың қоғамдық көліктерінде 18 жасқа дейінгі балалар көлік картасы бар болған жағдайда тегін жүре алады.
Дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Бұл талаптарды жолаушылар да сақтау қажет.
Дезинфекциялық жұмыстар әр айналым сайын жасалып, орындықтардың арқалығы, жолаушылардың ұстап тұруға арналған бағандар арнайы сұйықтықпен мұқият сүртіледі. Күніне 6 рет.
Автобустарда халық саны аз, карантинге дейін таңғы мезгілде 50-60 адамдай болатын. Қазір 10-15 адамның шамасында. Жолаушылар арақашықтықты барынша сақтап, маска, қолғап сияқты қорғаныш киімдерін киген.
"City Transportation Systems" басқару компаниясының төрағасы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, санитарлық нормаларды орындау үшін автобус тұрақтарында сақтық шаралары қатаң сақталған.
Соңғы аялдамаларда және көлік жуу станцияларында әрбір автобусқа дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Автобус жүргізушілері бетперде, қолғаптармен қамтамасыз етілген, - деді ол.