Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауа райының күрт құбылуына байланысты елордалық Төтенше жағдайлар департаменті Нұр-Сұлтан - Қабанбай батыр бағытынан басқа барлық тас жолдардың жабылғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына сапар жасамауды, жол ережесін сақтап, ауа райының өзгеруі мен енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынады. Жолдың жабылуы туралы ақпаратты "112" қызметі "Smart Astana" қосымшасы арқылы хабарлайды, сондай-ақ азаматтар енгізілген шектеулер жайлы "Darmen" қосымшасы арқылы біле алады. Қосымшаны Playmarket немесе Appstore арқылы тегін көшіріп алуға мүмкіндік жасалған.
Қазгидромет деректері бойынша 14 ақпан күні елордада ауа райы құбылмалы, күннің екінші жартысында қар жаууы ықтимал. Жел оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықта ұйытқиды.
Құтқарушылар астаналықтарға боранның басылуын ғимаратта күтуді ескертеді. Егер азамат жолда болса, онда тек тас жолдың бойымен қозғалуы шарт. Көліктен шыққан кезде одан ұзақ қашықтықта кетпеу ұсынылады. Ақау шығып немесе жолдың көрінуі нашарлағанда тас жолдың жиегінде тоқтап, дабыл белгісін беру керек және капотты көтеріп, антеннаға көзге түсетін ашық түсті матаны ілгеннен соң, автокөліктің ішінде отырып көмекті күтуі қажет.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына қоңырау шалу керектігін айта кеткен жөн.