Елордадағы жапсарлас құрылысы бар мектептер қашан жөнделеді?

7 Шілде 2022, 18:11
1232
Бөлісу:
Елордадағы жапсарлас құрылысы бар мектептер қашан жөнделеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорданың мектеп жапсаржайларының проблемалық мәселелері туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды.

Қаламызда 2019 жылдан 2021 жыл аралығында 11 мектепке 5612 орынға арналған жапсарлас құрылыс салынған болатын. Олар қолданысқа берілді. Аталған құрылыс жапсаржайлары қаламыздағы мектептердегі бала санының шамадан артық болу мәселесінің оң шешімін табуына үлкен әсерін тигізді. Бірақ осы күнге дейін қолданысқа берілген кейбір білім беру нысандарында оң шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар, - деді Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев. 

Баяндамашы қаладағы нөмірі 23, 24, 28, 31, 51-ші мектептердегі жапсаржайларда қабырғаның қопарылуы, төбеден су ағу, құжаттардың дұрыс тапсырылмауы, желдету желілерінің жұмыс істемеуі сияқты көптеген мәселелер барын айтты. Осы сұрақтардың шешілуіне байланысты басқарма және білім беру нысандары басшылары тарапынан тапсырыс беруші құрылыс басқармасы болғандықтан осы сұрақтардың шешілуіне байланысты бірнеше рет хаттар мен сұраныстар жолданғанын да алға тартты.

Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров Білім басқармасы тарапынан аталған мәселелерді растады. 

Анықталған мәселелерді шешу үшін біз мердігерлерді шақырдық. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы заңнамада белгіленген тәртіппен хабарламалар берілді. Барлық объектілер кепілдік мерзімінде, сондықтан олардан қайта жөндеуді талап ете аламыз. Мердігерлер 15 тамызға дейін олқылықтарды жоймаса, біз сотқа жүгінетін боламыз, - деді ол.

Айта кету керек, елордада 2022 жылы 2400 орынға арналған тағы 2 жапсаржай ашу жоспарланған.   

Өзгелердің жаңалығы