Елордадағы түбіртектерде дін мәселелері бойынша сенім телефоны пайда болады

16 Қараша 2021, 22:22
965
Бөлісу:
Елордадағы түбіртектерде дін мәселелері бойынша сенім телефоны пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы бірыңғай төлем құжатының арнайы түбіртектерінде Ikomek-109 дін мәселелері жөніндегі сенім телефоны туралы ақпаратты орналастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Түбіртектер Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде әзірленді.

Басылған және таратылған түбіртектердің таралымы 300 мыңнан астам дананы құрады. Оларға орналастырылған ақпарат түрлі деструктивті діни идеологиялардың теріс әсерінен азаматтарды қорғау және алдын алуға, дінтану және құқықтық сауаттылықты арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, дін істері басқармасы кеңес береді:

- қоғамдық орындарда діни әдебиеттерді сатып алмауға;

- күмәнді уағызшылардың уағыздарына қатыспауға;

- тексерілмеген дереккөздерден (сайттар, әлеуметтік желілердегі топтар/қауымдастықтар) дін туралы білім алмауға.

Қажет болған жағдайда теолог, дінтанушы, психологтан дін саласындағы мәселелер мен ұсыныстар, діни нысандар, мерекелер бойынша кеңес алу немесе дін саласындағы мемлекеттік қызметтерді алу үшін Ikomek – 109 тегін нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы