Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде айтулы оқиға - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауы болып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмысқа кірісті.
Қазақстан Республикасында барлығы 10 060 сайлау учаскесі бар. Соның ішінде елордада 349 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан сайлау учаскелеріне Елбасы, Үкімет басшысы, министрлер және басқа да адамдар келіп дауыс беруін жалғастыруда.
Айта кетсек, Nur Otan партиясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, Оқушылар сарайындағы №58 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Елордадағы «Астана» концерт залында орналасқан №138 сайлау бөлімшесіне Премьер-министр Асқар Мамин алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады.
Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз таңдауын жасады.
Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Одан бөлек, «Ақжол» партиясы төрағасы Азат Перуашев Тұран көшесінде орналасқан №122 сайлау учаскесіне келіп дауыс берген болатын.
Сайлаушылар арасында әншілер де бар. Айта кетсек, Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева сайлауда дауыс берді. Сәкен Майғазиев те 74 жастағы анасымен бірге сайлауға барды. Сонымен қатар, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин сайлауға қатысып, таңдауын жасады.
Сондай-ақ, ҚХП төрағасы Айқын Қоңыров пен «Ауыл» партиясы төрағасы Әли Бектаев елордадағы №66 мектептегі сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Панфилов ауданында 101 жастағы әже өз үйінде дауыс берді.
Айта кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясы брифингте сағат 16:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 52,5 проценті дауыс бергенін хабарлады.