Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева сайлауда дауыс берді

10 Қаңтар 2021, 15:04
2817
Бөлісу:
Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева сайлауда дауыс берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Халық әртісі Роза Рымбаева өз таңдауларын жасап, сайлауда дауыс берді.

Қос бұлбұл әнші Парламент Мәжілісі мен Алматы қаласы мәслихатына депутаттарды сайлауды ұйымдастыру жоғары деңгейде екенін айтты.

Мен сайлауға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Сіздерді де соған шақырамын. Өйткені өзіміздің болашағымыз үшін ойлануымыз қажет. Сол себепті сенім артқан депутаттарыңызға дауыс беріңіздер, –  деді Бибігүл Төлегенова.

Сондай-ақ Роза Рымбаева да сайлауға қатысу әр адамның азаматтық борышы екенін жеткізді.

Бүгін саяси додаға түсіп жатқан партиялардың бәріне ақ жол тілеймін. Халық  өз қалауымен таңдаған партиясына дауыс беріп жатыр. Әрине, халықтың мүддесі ортақ. Өміріміз жарқын, тұрмысымыз жақсы, бейбіт заманда өмір сүрсек дейміз. Тыныштықты қалап, балаларымыздың бақытты болғанын тілейміз. Міне, осының бәрі біз сайлаған партия өкілдеріне аманат десек, артық айтқандық емес. Демек, біз сайлауға қатысу арқылы мемлекетіміздің тағдырына атсалысамыз. Халық дұрыс таңдау жасайтынына сенімдімін. Бәріңізге сәттілік серік болсын, –  деді Роза Рымбаева.
Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08.00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр.
Өзгелердің жаңалығы